$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.07.2022, 14:59
Үкімет

«Жылда 10-12 жұмысшы мерт болады»: Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» жұмысын сынға алды

Әлихан Смайылов кәсіпорын басшылығына жұмысшылар өлімін азайту шараларын қабылдауға шақырды

«Жылда 10-12 жұмысшы мерт болады»: Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» жұмысын сынға алды
primeminister.kz

Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртауды» өндірістегі апаттарды азайту бойынша пәрменді шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Үкімет басшысының ресми сайтында атап өтілгендей, Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Теміртау қаласының өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралады.

Әлихан Смайылов металлургия қауіптілігі аса жоғары өндіріс саласы екенін атап өтті. Бұл ретте «АрселорМиттал Теміртауда» аталған проблема өткір болып тұр, ал кәсіпорында жүргізіліп жатқан қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беріп отырған жоқ.

Үкімет басшысының пікірінше, технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық тұрғыда әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға бөлінген инвестициялар жеткіліксіз. Бұл – өндірістегі апаттық жағдайлардың туындауына әкелетін басты себептердің бірі.

«Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек», — деді Ә. Смайылов компания басшылығына.

Сонымен қатар Премьер-министр экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.

«Күн тәрбіндегі экологиялық мәселелер өткір тұр. Мемлекет басшысы біздің алдымызға тиісті міндеттер қойып отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», — деді ол.

Осыған байланысты Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығын өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және экологиялық міндеттемелерді сақтау бойынша пәрменді шаралар әзірлеуге шақырды.

Еске салсақ, 10 маусымда «АрселорМиттал Теміртау» зауытында пештің опырылуы салдарынан төрт адам қаза тапқан болатын. Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы бойынша «Абайсызда екіден астам адамның өліміне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге жауапты екі басшы ұсталды.

Серіктес жаңалықтары