«Қырғыздар таққан айыппен келіспейміз. Шекарада бақылау күшейді» - кірістер комитеті

Автор: Azattyq Rýhy

Шекара арқылы заңсыз жүк тасымалы көбейген

Осы проблемаға орай, Қырғызстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев пен Қазақстанның Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев екеуара кездескен.Тараптар «Ақ-Тілек» өткізу бекетіндегі жүзден астам жүк көлігін жылдам өткізу механизмін талқыланған. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше қырғызстандық кәсіпкерлер жалған резиденттердің  атына тіркелген тауарларды тасиды. Кейін, жүк көліктері құжатта көрсетілген мекен-жайға жетпей, тауарды сатып жібереді. Былтыр жалған резиденттер атына тауар тасыған 3,5 мың факті анықталған. Жалған құжатпен саудаға түскен тауар айналымы 12,5 млрд. теңгені құрады.

«Бұлар (Қырғыз кәсіпкерлері -ред) заңды бұзғысы келеді. Ресейге тауар апара жатырмыз дейді де, оны Қазақстанда сатып, кері қайтып кетеді. 12% қосымша құн салығынан жалтарады. Жүк көліктеріне электронды пломба ілінеді. Ол біздің шекарадан кіріп-шыққанын, қай жерде кетіп  бара жатқанын  бақылауға мүмкіндік береді.

Бірақ, соның өзінде пломбаны бұзудың 7 фактісі анықталды. Құжаттары да сәйкес келмейді. Мысалы,кедендік рәсімдеуде көйлек деп көрсетеді де, шын мәнінде құны қымбат тондар мен костюмдерді алып бара жатады. Біз айыптаумен келіспейміз. Нұр-Сұлтанда өткен екі жақты кездесуде де, біз қандай заң бұзушылықтардың болып жатқанын көрсеттік», -деді ҚР ҚМ МКК Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар. 

Комитеттің мәліметінше, қырғызстандық кәсіпкерлер экспорт қана емес, импорттық тауарларды тасу кезінде де заң бұзады. Салық төлеуден жалтару мақсатында кәсіпкерлер импорттық тауарларға 2 ілеспе құжат (СМR) ресімдейді екен. Бұндай заңсыздықтардың жолын кесу мақсатында "Қарасу", "Жайсан", "Сырым" АӨБ, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша МКД навигациялық электрондық пломбаларды қолдану арқылы пилоттық жоба іске қосылған. Алайда,  орнатылған навигациялық пломбаны тасымалдаушылар орта жолда  жұлып тастайды екен.

«РФ-дан ҚР-ға және кері қарай транзиттік тауарларды әкелу фактісі анықталды, олар ҚР аумағында қалды. Мұндай тауарлар бойынша айналым 8,2 млрд. теңгені құрап, импортқа ҚҚС төлемеу түріндегі залал сомасы 984 млн.теңге болды.

Осыған байланысты, 2019 жылдың қарашасынан бастап қытайлық тауарлар мен төмендетілген бағамен әкелінетін тауарларға қатысты бақылау күшейтілді. 517 автокөлік құралы тексеріліп, 489 жағдайда (94%) тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтердің іс жүзінде ол тауарлармен сәйкеспейтіндігі  анықталды»,- делінген комитет таратқан мәлімдемеде. 

Еске салайық, бүгін Жоғарғы кеңес дупутаты Азамат Арапбаев «Қырғыз кәсіпкерлері Қазақстандағы мафиялық топтарды байытып жатыр» деп мәлімдеді. Ол шекарадан өткен қырғыз кәсіпкерлері әр жүк көлігі үшін, 500 ден 5000 доллар аралығында ақша төлеуге мәжбүр екенін айтып, Қырғызстанның Үкімет басшысына сауал жолдады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы