«400 мың адам азая ма, жоқ па». Депутат Қазақстандағы жұмыссыздардың санына күмән келтірді
Мәжіліс депутаты «саны не азаймайтын, не көбеймейтін» жұмыссыздар мәселесін көтерді
Бүгін Парламентте Мәжіліс депутаттары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық блогындағы өзекті мәселелерді көтерді. Жиында баяндама жасаған вице-премьер Бердібек Сапарбаев депутаттардың бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Депутат Омархан Өксікбаев вице-премьер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен Қазақстандағы «саны не азаймайтын, не көбеймейтін» жұмыссыз азаматтар жайлы статистиканың себебін түсіндіріп беруді өтінді.
«Елімізде қанша бос еңбек ресурсы бар? Әлеуметтік қорғау министрлігі соның есебін біле ме? Білсе, саны қанша? Жылда 400 мың адам жұмыссыз деп айтамыз, жылда сол 400 мың адамды жұмыспен қамтуға миллиардтап ақша бөлеміз. «Еңбек» бағдарламасына деп 2020 жылға 190 млрд теңге ақша бөлдік. Қолдаймыз, сосын тағы 400 мың адам тұрады, өзгермейді. Осының есебіне жетіп, нақты нүкте қоятын кезең бола ма, болмай ма? Бір кездері Ертісбаев (Ермұхамет Ертісбаев – авт.) «400 долларға (жалақыға) адам таппай отырмын» деуші еді. Осы санды өзгертетін мүмкіндік бар ма?», - деді депутат Омархан Өксікбаев.
Еңбек министріне жолданған сауалға вице-премьер Бердібек Сапарбаев жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың үлесі жылдан жылға азайып келеді.
«Еңбек ресурстарының есебіне жауап беретін министрлік бар. Министрлік бұл мәселемен айналысады, егер айналыспаса, жаңа жұмыс орындары ашылмас еді. Еңбек ресурстарының балансы деген бар, сол санақта қанша адам келіп, қанша адам кететіні, қанша адам жұмыссыз екені көрсетілген. Жұмыссыз жүрген 430 мың адамның саны азайған. 2018 жылы жұмыссыздардың үлесі экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 4,9 пайызын құрады. Бүгін мен баяндамамда олардың үлесі 4,8 пайызға азайғанын айттым, келесі жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында бұл көрсеткішті 4,7 пайызға жеткізуіміз керек», - деді Сапарбаев.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан