EXPO-2020 көрмесіне қатысуға 9 млрд теңге бөлінді
«Бұл сұрақты комиссия отырысында қараймыз. Жұмсалатын қаржының қайтарымы қандай болады, қанша инвестиция тартуға болады бәрін мұқият талқылаймыз. Егер комиссия отырысында шығынның тиімділігі дәлелденбесе, дұрыс шешім қабылданады»,-деді Ұлттық экономика министрі.
Ал Дубайдағы EXPO көрмесіне бөлінетін қаржы қайта қарала ма деген тілші сұрағына Руслан Дәленов: «Қазақстанның көрмеге қатысуының тиімділігін Сауда министрлігі дәлелдеуі тиіс» екенін айтты.
Айта кетсек, бұған дейін Сауда және интеграциялар министрі Бақыт Сұлтанов 2020 жылы Дубай қаласында өтетін EXPO халықаралық көрмесіндегі Қазақстан павильонына 9 млрд теңге бөлінгенін айтқан.
«Павильонды дайындау үшін бюджеттен шамамен 9 млрд теңге бөлінген. Павильон көрмеден кейін бұзылып, осы қаражат (9 млрд теңге –авт.) есебінен Қазақстанға тасымалданып, қайта құрастырылады. Бәлкім Нұр-Сұлтанда, бәлкім өңірлердің бірінде павильон ретінде жұмысын жалғастырады», - деді Бақыт Сұлтанов.