Қытайдағы коронавирус: Тоқаев нақты шаралар қабылдауды тапсырды
Қазіргі таңда Қытайдағы коронавирустың жаңа түрінен көз жұмғандар саны 54 адамға жеткен
Қытай арқылы әлемнің әр түкпіріне тарай бастаған коронавирустың жаңа түріне байланысты ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Үкіметке Қытайда пайда болған коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдау тапсырылды», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter желісіндегі парақшасында.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қытайдағы коронавирустың жаңа түрінен көз жұмғандар саны 54 адамға жеткен. Ухань қаласынан тарап жатқан белгісіз дерт туралы дерек алғаш рет желтоқсан айында белгілі болған. Бүгінде коронавирустың жаңа түрінің асқынуына 2019-nCoV қоздырғышы себеп болып отырғаны анықталды.
Қауіпті індеттің таралуына жылан және жарқанат етін тұтыну себеп болды деген болжам бар. Қазіргі таңда коронавирус Қытайдың бірнеше қаласымен қатар, Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Австралия, Малайзия және Канада сияқты елдерге де жеткен.