Премьер-министр Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырма берді
Әлихан Смайылов қазіргі күрделі кезеңде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екенін атап өтті
Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралар пакетін тез арада жүзеге асыруды тапсырды. Бұл ретте Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметтегілерге тиісті тапсырмаларды дер кезінде орындауды міндеттеді.
«Дағдарысқа қарсы шаралар экономиканы қолдауға, инфляцияны бақылауды күшейтуге, валюта нарығын тұрақтандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне, Ұлттық Банк және жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе отырып Дағдарысқа қарсы жоспарын 25-ші наурызға дейін енгізуді тапсырамын», - деді Смайылов.
Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарының құрылуына қатысты да бірқатар тапсырмалар берілді. Ол үшін өңірлерді қаржыландыру тәртібін қайта қарап, бюджетаралық қатынастардың оңтайлы моделін әзірлеу қажеттігі айтылды.
«Өңірлер үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету мәселесін пысықтау керек. Жаңа облыстарды құру бойынша жұмыстарды жедел ұйымдастыру үшін Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бір аптада тиісті Жол картасын енгізуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр қазіргі күрделі кезеңде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор екенін атап өтті. Бұл тұста ол, Ауыл шаруашылығы министрлігі Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу жөніндегі жедел штабта шаруаларды тұқыммен, тыңайтқыштармен, жанар-жағармаймен, техникамен және сумен қамтамасыз етуге күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорларына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу үшін форвардтық келісім-шарттарды уақытылы бекіту бойынша әкімдіктердің жұмысын үйлестіруді тапсырды.
«Барлық қабылданған шаралар бағаның өсуін тежеуге оң ықпал етуі тиіс. Халқымыз бізден осыны күтіп отыр. Сонымен қатар, қазіргі болжам бойынша кейбір өңірлерде жауын-шашын аз болуы мүмкін. Сондықтан да қажетті шешімдер қабылданды. Біз былтырғыдай мал азығының тапшылығына жол бермеуіміз керек. Биыл әкімдіктерге жем-шөп егіс алқаптарын ұлғайтуды тапсырамын. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне субсидия беру жұмыстарын да жариялап отыру қажет», - деп нақтылады Әлихан Смайылов.
Премьер-министр қоғаммен өзара байланысты нығайту керектігіне де тоқталып өтті. Дәлірек айтқанда, Үкімет мүшелері журналистермен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс.
«Ақпарат министрлігі осы бағытта белсенді жұмыстарды іске асыруы керек. Геосаяси сын-қатерлер жағдайында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін арттыруға айрықша маңыз беріліп отыр. Осыған байланысты Президент «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды қайта қарауды тапсырды. Бұл заңды журналисттер және сарапшылар қауымымен ақылдаса отырып, қабылдауымыз қажет. Ақпарат министріне осы жұмысты тиянақты әрі жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.