Елімізде ересек адамдардың 75%-ға жуығы КВИ-ге қарсы вакцинаны толығымен алды
Соңғы төрт айда сырқаттану көрсеткіші 16 есеге төмендеді
Әлемдік рейтингте Қазақстан коронавирус инфекциясына қарсы екі дозамен вакцинациялау бойынша 208 елдің ішінде 103-орында, ал ТМД елдері арасында екінші орында тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өз банядамасында Жандос Бүркітбаев еліміздегі коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші төмендегенін атап өтті.
«Жалпы Қазақстанда соңғы төрт айда сырқаттану көрсеткіші 16 есеге төмендеді. Инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктемесі 19% құрайды, соңғы үш айда емдеуді жалғастырушылар саны 4,5 есеге азайды. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша өңірлердің көбі (15) және жалпы ҚР «жасыл аймақта» орналасқан. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары «сары аймақта» тұр», - деді Жандос Бүркітбаев.
Бүгінде 9 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды – бұл ересек тұрғындардың шамамен 80%-ы, сондай-ақ 8,4 млн-нан астам адам немесе ересек адамдардың 75%-ға жуығы екпенің екінші компонентін алғаны белгілі болды.