Батыс Қазақстанда аудандар әкімсіз, басқармалар басшысыз отыр
Білікті мамандардың басшылыққа барғысы келмейтінін мемлекеттік қызмет істері агенттігі де айтып отыр
Батыс Қазақстан облысында аудандар әкімсіз, басқармалар басшысыз отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Арнаның хабарлауынша, өңірдің Теректі мен Тасқала аудандарына екі айдан асса да, әлі әкім тағайындалмады. Тіпті бір жылдан бері бірнеше облыстық басқарманың басшысы жоқ. Бұл аздай, облыс әкімінің екі орынбасарының да орынтағы бос тұр.
Теректі ауданының әкімсіз отырғанына екі айдан асты. Бұрынғы басшысы Арман Өтеғұлов облыс әкімінің біріншісі орынбасары болып тағайындалды. Орнына әлі ешкім келмепті. Әкім Тасқала ауданында да жоқ. Зейнет жасына бір күн қалғанда экс-әкім Алдияр Халелов облыстық табиғи ресурстар басқармасына басшы боп ауысты.
Бүгінде аудан түгілі, облыс әкімі орынбасарларының да орны бос тұр. Бірі қарауындағы қызметкер пара алып, сотталғаны үшін қызметінен кетсе, енді бірі жол құрылысын қадағаламағаны үшін Президент сынына ұшырап, орнын босатты.
«Ғали Есқалиев әкім болып келгенде біз бөркімізді аспанға атып қуандық. Алайда ол қуанышымыз су сепкендей басылды. Неге? Өйткені кадрлық дағдарыс белең алып кетті. Өзі қолымен тағайындаған төрт орынбасары қызметінен кетті. Міндетін атқарушы деп қояды ұзақ уақыт. Өй, ол міндетін атқарушы деген мойнына ешқашан жауапкершілік алмайтын адам», - дейді қоғам белсендісі Бауыржан Халиолла.
Бұл аздай, облыс әкімінің тағы бір орынбасары Аманжол Алпысбаевтың ісі қазір Жоғарғы сотта қаралып жатыр. Мемлекеттік қызмет істері департаменті шенеуніктің кәсіпкерлікпен айналысқанын анықтапты. Білікті мамандардың басшылыққа барғысы келмейтінін мемлекеттік қызмет істері агенттігі де айтып отыр.
«Біздің есебіміз бойынша орта есеппен конкурсқа қатысу деңгейі 1-1,2 адамды құрайды. Яғни, кейбір конкурстарға бір адам қатысады, кейбір жерлерге мүлдем қатыспайтын жағдайлар кездеседі, өкінішке қарай. «Мемлекеттік қызмет туралы заңға» сәйкес, облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері мен басқарма-департамент басшылары 3 айдың ішінде тағайындалуы тиіс. Әйтпесе бұл жағдай ұжымның ішкі тәртібі мен жұмысына кесірін тигізуі мүмкін», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО департаменті басшысы Ғалым Тұрсынбаев.