Заңнама талаптарын сақтайтын майнинг фермалары үшін электр энергиясы шектелмейді – Мағзұм Мырзағалиев

Azattyq Rýhy

Майнерлер энергия тапшылығын болдырмау үшін жаңа энергия көздеріне инвестиция құюға әзір

Заңнама талаптарын сақтайтын майнинг фермалары үшін электр энергиясы шектелмейді және олар энергия көзінен ажыратылмайды. Ал, майнерлердің дата-орталықтары өз қызметін елдің энергетикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей жүзеге асыруы тиіс. Бүгін Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев аталған сала өкілдерімен кездесу барысында осылай деді.

Айта кетейік, бүгін Энергетика министрлігінде қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының, Дата-орталықтар мен технологиялардың блокчейн және индустрия қауымдастығының, сондай-ақ ҚР ЦДИАӨМ және «KEGOC» АҚ өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Тараптар цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды электрмен жабдықтау мәселелерін талқылады.

Министрдің айтуынша, цифрлық майнингпен айналысатын кәсіпкерлер басқа салалардың өкілдері сияқты бизнес субъектілері болып табылады және оларға қатысты кемсітушілік болмауы тиіс.

«Блокчейн индустриясының жоғары әлеуетін ескере отырып, оны одан әрі дамыту үшін күш-жігерді біріктіру қажет. Мен диалогқа әзірмін, сондықтан біртұтас электр энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету үшін «ақ» майнерлерді шешімдерді бірлесіп іздеуге шақырамын», - деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Қауымдастық басшылары отандық қана емес, сондай-ақ импорттық электр энергиясын сатып алу мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ ЖЭК-ті қоса алғанда, жаңа энергия қуаттарын құру үшін инвестиция салуға дайын екендігін хабарлады.

Энергетика министрлігі ЦДИАӨМ-ге цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар мен критерийлерді белгілеу бөлігінде нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Бұл «сұр» майнерлерді анықтауға және оларға қатысты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді, себебі оларға өз қызметін жалғастыру үшін бизнесін тіркеп, заңдастыру қажет.

«Энергетика министрлігімен сындарлы диалог орнаттық. Бізді мазалаған сұрақтарымыздың барлығына жауап алдық. Әрине, біз де еліміздің азаматтары ретінде электр энергетикасы жүйесінің тұрақтылығына мүдделіміз. Біз жақын арада мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын бірқатар ұсыныстар енгіздік»,-деді Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығы төралқасының төрағасы Исламбек Салжанов.

«Сұр» майнерлер – бұл негізінен цифрлық майнинг энергиясын тұтынуды басқа негізгі қызметтің арқылы жасыратындар. Көбінесе бұл фермалар электр энергиясын тұтынудың өсуін болжау мүмкін болмайтын жерлерде орналасқан, мысалы, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің елді мекендерінде. Мұндай «сұр» майнерлермен күресу қажет, тек мемлекеттік органдар мен қауымдастықтардың бірлескен күш - жігерімен біз нәтижеге қол жеткізе аламыз»,-деп қосты Дата-орталықтар мен технологиялардың блокчейн және индустрия қауымдастығының төрағасы Алан Дорджиев.

Жыл сайын блокчейн-технологиялар индустриясынан мемлекет бюджетіне 127,5 млрд.теңгеден астам түсетіні атап өтілді. Бес жыл ішінде салаға 500 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылатын болады. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемдік хешрейттегі 18,1% үлесімен биткоин майнингі бойынша әлемде екінші орында.

Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен хаттамаға қол қойылды, оған сәйкес тараптар:

  • Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясы мен қуатының тапшылығы туындаған кезде халыққа, әлеуметтік объектілерге және «ақ» майнерлерге электр энергиясын шектеуді енгізуге жол бермеу туралы;
  • теңгерімдеуші нарықты (demand-response) іске қосу туралы заңнамалық актіні қарауды және қабылдауды жеделдету;
  • электр энергиясын сатып алуға кепілдік бере отырып, «ақ» майнерлерге қатысты (off-take келісімшарттары) Қаржы-есеп айырысу орталығы арқылы жаңа ірі ЖЭК жобаларын дамыту үшін инвестициялар тарту туралы келісті.

Тараптар электр энергиясы нарығын тұрақтандыруға және жаңа индустрия ретінде цифрлық майнингті дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.