«Қордай» бекеті уақытша жабылады
20 қаңтардан бастап «Қордай» шекаралық өткізу бекеті уақытша жабылмақ
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі күрделі жөндеу жұмыстарының жүруіне байланысты 20 қаңтардан бастап «Қордай» шекаралық өткізу бекетін уақытша жабуды жоспарлап отыр.
Бұл мақсатқа қажетті қаржы да бөлініп, тиісті мердігер компания жұмыстарды 2020 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлауда.
Аталған мәселеге орай, Жамбыл облысының Қордай ауданында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Парламент депутаттары және тиісті сала басшылары кездесті.
Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко, Мәжіліс депутаттары Серік Құсайынов, Шаймардан Нұрымов, Юрий Тимощенко, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары-Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Қордай ауданында болып, бірқатар маңызды кездесуге қатысты.
Кездесуге көрші мемлекет тарапынан Қырғыз Республикасы Парламенті Жогорку Кенеші төрағасының орынбасары Мирлан Бакиров, Жогорку Кенеш депутаттары Алмазбек Эргешов, Гүлшат Асылбаева, Абдывахап Нурбаев, Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметі төрағасының бірінші орынбасары Абдыкерим Алимбаев, Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нуран Ниязалиев және Қырғыз Республикасы Экономика министрінің орынбасары Автандил Алыбаев келді.
Екіжақты кездесу барысында депутаттар «Қордай» өткізу пункті жөндеу жұмысына жабылғанға дейін көрші Қырғыз елімен арадағы негізгі шекаралық бақылау-өткізу бекеттерін жөнге келтіру жайын әңгімеледі. Сонымен қатар екі ел депутаттарының арасында «Сортөбе» және «Ауқатты» автомобиль өткізу пункттерін көпжақты халықаралыққа ауыстыру туралы мәселе көтеріліп, алдағы уақытта барлық транзиттік жол көліктері аталған екі бекет арқылы өтетіндігі жөнінде айтылды.
Кездесуде сондай-ақ, «Қарасу», «Сортөбе» және «Ауқатты» бақылау бекеттеріндегі шекара арқылы өтушілерге арналған бақылау кабиналарын көбейту, қазақ пен қырғыз арасындағы шекара сызығында орналасқан көпірді қайта жөндеуден өткізу, оны кеңейту сияқты өзекті мәселелер де көтерілді.
Дереккөз: «Егемен Қазақстан»