Тоқаев цифрландыру ісіне жауаптылар жұмысын сынға алды
Отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен
Дәстүрлі «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру ісіне жауапты вице-министрлер жұмысының нәтижелілігін сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, олардың басты міндеті –күнделікті бюрократиялық жұмыс емес, цифрлық реформалар мен өзгерістерді жүзеге асыру. Осыған байланысты Президент жыл соңына дейін цифрландыруға жауапты әрбір вице-министр үшін нақты KPI әзірлеуді талап етті және Премьер-Министрге олардың қызметіне қатысты ұстанымды қайта қарауды, кадрлық құрамына баға беруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бизнес-қоғамдастық атсалыспай, жалпымемлекеттік «цифрлық секіріс» жасау мүмкін емес, ал компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі олардың цифрландырылу деңгейімен анықталады.
«Siemens» компаниясының бағалауы бойынша, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен, яғни Индустрия 2.0 деңгейінде. Естеріңізге сала кетейін, біз Индустрия 4.0 дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – аса ауқымды мәселе. Оның талаптарына тұжырымдамалық жағынан да, практикалық тұрғыдан да нақты әрі лайықты жауап беру керек. Цифрлық шешімдерді қолдаудың тиімді құралдарын, ең алдымен, өңдеу секторында кеңейту керек», - деді Мемлекет басшысы.
Президент отандық IT индустриясының бәсекеге қабілеттілігіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл саладағы барлық отандық бизнес ішкі нарыққа, көп жағдайда, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сұранымдарына жауап беруге бағытталған.
«IT шешімдердің экспорты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі бола алады және болуға тиіс. Біз алғашқы қадамдарды жасадық. Бүгін көрмеде бәсекеге қабілетті IT өнімдерді, сондай-ақ білікті әрі жас IT командаларды көрдік. Оларға жан-жақты көмек көрсету керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент IT білім беру сапасына назар аударып, бұл мәселені ұлттық деңгейдегі міндет ретінде атады.
«Үкіметке IT кадрларды жаппай даярлауға жекеменшік IT мектептерді тарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Мемлекеттік басқарудағы IT біліктілікті арттыру жүйесіне ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттік қызметшілер технологиялық трендтерді түсінуге, оқиғалар мен деректерді жүйелі түрде талдай білуге тиіс. Олар IT бизнеспен бір тілде сөйлеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын айтты.
«Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?» – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне де ерекше тоқталды.
«Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни, жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс. Бұл мемлекеттік жүйелерге ғана емес, мемлекетпен тығыз интеграцияланған жалпы цифрлық экожүйеге де қатысты. Үкімет азаматтардың жеке деректерінің жоғалуына және ұрлануына қатысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Era Lifestyle» тақырыбында өткен дәстүрлі «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумына қатысты.