ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Құс тұмауы: СҚО-да инфекция ошағындағы құстардың бәрін жою туралы шешім қабылданды

Жойылған құстың иелеріне өтемақы толық көлемде төленеді

көрнекі сурет: СҚО-дағы құс тұмауының өршуі

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Абызбаев бастаған республикалық комиссия Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Лебяжье ауылына барып, құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан кешенді шаралардың барысын тексерді.

Комиссия тарапынан эпизоотиялық жағдай зерделеніп, су айдынына мониторинг жүргізілді, ауруды жою ауқымы анықталып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Инфекция ошағын дер кезінде және жедел оқшаулау және жою үшін елді мекеннің периметрі бойынша жерлерді жырту жұмыстары жүргізілді, кіретін және шығатын автокөліктерді дезинфекциялау үшін дезбаръер орнатылды.

«Эпизоотиялық тізбекті үзу мақсатында ошақтағы құстардың барлығын жою туралы шешім қабылданды. Алынған және жойылған құстың иелеріне өтемақы толық көлемде төленеді. Ресеймен шекаралас аумақтарда жануарларды вакцинациялау үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы 112,2 мың доза отандық препараттар бөлінеді», - делінген ақпаратта.

Эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауда, инфекцияның облыстың басқа елді мекендеріне таралуына жол бермеу мақсатында вакцинация жүргізу және тірі құс пен құс шаруашылығы өнімдерінің қозғалысына бақылау орнату шаралары қабылдануда.