+7 болмайды: Қазақстанға жаңа дэф коды беріледі
КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген
БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.
«Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады», - деді министр.
Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын.
«Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді!», - деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр.