Желідегі кибербуллинг: Мәжіліс депутаты бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасын түсіндірді

2018 жылы Қазақстандағы балалардың 60 пайызы өмірінде бір рет /кибер/ буллингке ұшыраған

Желідегі кибербуллинг: Мәжіліс депутаты бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасын түсіндірді
көрнекі сурет: budettalk.ru

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров желідегі буллинг жөнінде, әлеуметтік желінің мәдениеті жайлы әлемдік тәжірибеден мысал келтіріп, осыған қатысты Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған заң жобасы жайлы түсіндірді.

«Мен желідегі әлімжеттілік,  буллинг жөнінде, әлеуметтік желінің мәдениеті жөнінде жүйелі түрде жазып жүрмін. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қоғау мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Аталған заңды қарастыру аясында кибербуллинге қарсы тұру мәселесі де қарастырылған. Кибербуллингтің балаларға ғана емес, ересектерге де қатысты екендігін барлығымыз жақсы білеміз», - деді Ерлан Сайыров.

Депутат балалар мен жасөспірімдерге қатысты бірқатар дерек келтіріп, мектеп оқушыларының қаншалықты буллингке ұшырайтынын айтты.

2020 жылы бала мен жасөспірімдер арасында 143 суицид тіркелсе, 193 суицидке талпыну тіркелген;

2021 жылдың бірінші жартысында 105 суицид, 105 талпыну.

2018 жылы балалардың 60 пайызы өмірінде бір рет /кибер/ буллингке ұшыраған. 17 пайызы /кибер/ буллингке бірнеше рет ұшыраған.

«Кибербуллингпен күресу әлеуметтік желіні реттеумен тікелей байланысты. 2021 жылдың өзінде Қазақстанда желіде 140 мың заң бұзу /фейк, кибербуллинг, экстремизм/ фактісі тіркелген! Ақпарат министрлігі Желі платформаларына 1700 хат жазылған, соның 20-30 пайызы ғана қанағаттандырылған, яғни алынып тасталған», - деп тоқталды депутаты.

Ерлан Сайыров осы саланы реттеуге қатысты халықаралық тәжірибеден алынған бірнеше деректі алға тартты:

  • 2017 жылы Германияның Бундестагы «Әлеуметтік желі жөнінде» заң қабылдады. Бұл заң бойынша,  2 млн қолдаушысы бар әлеуметтік желі платформалары Германияда азаматтық істер мен айыппұлмен айналысатын өкілді тағайындауы керек. Әлеуметтік желі платформасы түскен арыз-шағымдарды 24 сағаттың ішінде қарап, контентті тексеріп, адамды балағаттау, жек көру, экстремистік бағыттағы жазба болса шағым түскеннен кейін бір жетінің ішінде алып тастауы керек. Заңды бұзғаны үшін 50 млн евро айыппұл қарастырылған!
  • Францияның Ұлттық жиналысы да осындай заң қабылдаған. Бұл заң бойынша, онлайн-платформа Франция территориясында заңды өкілін тағайындауға тиіс. Онлайн-платформа арыз-шағым жасаудың электронды түрін енгізуі керек.Заңды орындамағаны үшін 112 500 евро айыппұл қарастырылған.
  • Оңтүстік Корея, Сингапур, Ресей, Түркия, ЕО басқа да елдері өзінің заңдарын осы мәселе бойынша күшейтіп жатыр.
  • Жаңа Зелландия, АҚШ-тың 50 штатының 44 штатында кибербуллинге қылмыстық қатаң жауапкершілік қарастырылған.

Ерлан Сайыров әлеуметтік желінің ішіндегі фейк, буллинг, экстремизм проблемасы АҚШ қоғамын да алаңдатып отырғанын айтты. 

«Қазақстандағы кибербуллинг мәселесінің «күйіп» тұрғанын есепке алсақ,  Ауғанстанға байланысты діни экстремизм мәселесінің өзекті екендігін ескерсек, осы проблемамен айналысатын мемлекеттік өкілетті органның болғаны дұрыс», - деген ұсыныс білдірді.

Мәжіліс депутаты Әлеуметтік платформалармен қарым-қатынас мәселесіне қатысты әлі де талқылаулар болатынын жеткізді.

«Менің ойымша, Әлеуметтік платформалардың біздің еліміздегі өкілеттілігі «виртуалды» түрде де болуы ықтимал. Яғни, сол Платформалардың штаб-квартирасында қазақ-орыс тілін еркін меңгерген біздің жастар «әлеуметтік желінің ұлттық модераторы» рөлін атқарып, біздің мелмекеттік өкілетті органмен Әлеуметтік платформа арасында «дәнекер» рөлін атқарса да артық-кемі болмауы ықтимал.

Еркіндік, тәуелсіздік пен басбұзарлық, зорлық-зомбылықты шатастыруға болмайды. Демократия дегеніміз - норма, процедура, этика және мораль!

Адамның ар-ұжданын сыйлайтын, заңның ала жібін аттамайтын, мәдениеті жоғары, парасаты биік азаматтарға бұл өзгерістерден қорқатын, үркетін ештеңе жоқ», – деп Мәжіліс депутаты Facebook парақшасында жазды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.