ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Дариға Назарбаеваның сынынан кейін комитет төрағасы ауысты

Ардақ Зебешев - «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі

Ардақ Зебешев, фото: gov.kz

ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы болып Ардақ Темірханұлы Зебешев тағайындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.

Ардақ Зебешев 1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы М.Әуезовтің атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (Халықаралық қатынастар), ал 2006 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін (Экономика) тәмамдаған.

2014 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша King's College London «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін, сондай-ақ Ұлыбританиядағы Warwick Business School «бизнес-әкімшілендіру» бойынша магистр дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2003 жылы Шымкент қаласы әкімінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы ұйымдастыру-кадрлық және талдау жұмысы басқармасының бас маманы лауазымынан бастаған. Әр жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде, ҚР Өзбекстандағы eлшілігінде, сондай-ақ ҚР Премьер-министрінің кеңсесінде жұмыс істеді. 2016-2018 жылдары «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы хатшылығының басшысы қызметін атқарды. 2018-2019 жылдары ҚР Премьер-министрі орынбасарының, Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі.

2019 жылғы сәуірден бастап 2020 жылғы наурызға дейін ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және іске асыру басқармасының басшысы лауазымын атқарды. 2020 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР СІМ Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары болды. 15 жылдан астам мемлекеттік қызмет өтілі бар.

Еске салайық, 8 қыркүйекте Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Қазақстанға шетелден инвестиция тарту мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Депутат 2020 жылы еліміздің экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 30 пайызға төмендегенін айтты.