$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.09.2021, 16:32
Үкімет

«eGov ешкімге берілмейді»: Министр Бағдат Мусин дау туғызған сұрақтарға қатысты пікір білдірді

Ол Қазақстан тұрғындарының жеке бас мәліметіне ешқандай қауіп төнбейтінін тағы айтты

«eGov ешкімге берілмейді»: Министр Бағдат Мусин дау туғызған сұрақтарға қатысты пікір білдірді
Фото ашық дереккөзден

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің сөзінше, eGov тек қана Қазақстанға тиесілі. Елде жұмыс істейтін көптеген шетелдік компаниялар болса да оларға тұрғындар туралы мәліметтер берілмейді. Ал мемлекеттен бөлінетін 500 млн доллардың барлығы ресейлік «Сбербанкке» жұмсалмайды екен.

Әлеуметтік желілерде туындаған сұрақтарға байланысты түсініктеме берген министр «Қазақстандықтардың барлық дерегі Ресей Федерациясына қолжетімді болады» деген ұғымның қисынсыз екенін мәлімдеді.

«Ақпарат тапшылығына және бұрын айтылған ақпараттың дұрыс түсіндірілмеуіне байланысты пайда болған көзқарастың басын ашқым келеді. Біріншіден, eGov порталы тек Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді! Неліктен? Қазақстанда тәуелсіздік алғалы шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер бар, десе де олардың бәрі біздің мәліметтерді ала алады деген сөз емес. Электрондық үкіметке келетін болсақ, бұл жерде біреу біреуге ақпарат береді деген сұрақтың туындамауы да керек. Жалпы, «eGov.kz» не екенін қысқаша түсіндірейін. eGov – бұл барлық мемлекеттік базамен құр сым арқылы қосылған «витрина» ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды. Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400+ ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін», - деп түсіндірді ол.

Алда тұрған міндет – әртүрлі технологияларда жазылған, кейде бағдарламашы этикасы мен ескірген құжаттамасыз жүздеген жүйелердің орнына, барлық деректер бірыңғай платформада реттелген және түсінікті болатын ондаған жүйелерге өту. Оның айтуынша, қазір eGov-ты миллиондаған ескі құрылғылармен салыстыруға болады. Ал олардың орнына сапалы заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнататын уақыт келген.

«Біз халық үшін де, экономика үшін де барынша оң нәтиже алу мақсатында цифрландырудың «құрақталған» моделінен тұтас платформалық моделіне өтетін кез келді.

IT саласындағы кез келген шешім, әсіресе халықаралық шешім кибер қалқан мен азаматтардың мүдделерін қорғау жөніндегі уәкілетті органдардың ұсынымын ескере отырып қабылданады. Біз Қазақстан тарапы бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды талап ететін вендор сияқты болуы керек деген талап қойып отырмыз. СБЕР барлық қолжетімділікті бере отырып, барлық компоненттің бастапқы кодтарын көрсетеді және барлығын Қазақстандағы серверлерге орналастырады деп келістік. Бастапқы кодтарды сосын бізге береді, әрі қарай өздеріміз сүйемелдеп, өзгерте алатын боламыз», - деді министр.

Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, бөлінетін 500 млн теңгенің барлығы СБЕР-ге беріле салмайды. Өйткені, меморандум – келісім-шарт емес. Үкімет цифрлық трансформация мүмкіндігін қарастыратын меморандумға қол қойды, оның бағалау құны шамамен 500 млн теңге.

«Бұл не деген сөз? Бұл аталған соманың бір бөлігі жергілікті IT нарығына инвестицияланатынын білдіреді. Бұл қаражатты қазақстандық компаниялар платформалық тәсілді енгізу бойынша жұмыс шеңберінде жұмсайды. Соманың екінші бөлігі – инфрақұрылымдық шешімдерге кетсе, үшінші бөлігі ғана СБЕР-ден шешімнің өзін сатып алуға арналатын болады.

Үшіншіден, платформалық модельді енгізуге Қазақстанның IT компаниялары міндетті түрде қатысады. Платформалық модельді енгізудің таныстырылымы мен талқылауы қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдірінен тұратын сараптамалық комиссиямен (70-те 30) бірлесіп өтетін болады. Ниет білдірушілер жекеге өз байланыс мәліметтерін қалдыра алады, сараптамалық кеңес тізімін жасау кезінде ескеретін боламыз. СБЕР платформаның жұмыс істеуін көрсетіп, оқытатын сарапшылармен сессиялар ұйымдастырады, содан кейін ғана біз платформада жұмыс істейміз. Бұл жобаны іске асыруға біздің IT компаниялар жұмылдырылады», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары