Қазақстан мен Түркия арасында қатынайтын әуе рейстерінің саны артады
Ақтөбе - Ыстамбұл бағытында аптасына 2 рейс қатынайды
31 тамыздағы Қазақстан аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысында Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстерді ұлғайту мәселесі қаралды.
ВАК шешімі бойынша, қыркүйек айының ортасынан бастап Air Astana және Turkish Airlines әуе компаниялары (Air Astana - 17 қыркүйектен, Turkish Airlines - 25 қыркүйектен) Алматы – Ыстамбұл бағытындағы рейстер санын 2-ден 3 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ 22 қыркүйектен бастап SCAT әуе компаниясы Ақтөбе - Ыстамбұл бағытында аптасына 2 рейспен қатынай бастайды.
Түркиямен арадағы рейстер санын әрі қарай арттыру эпидемиологиялық жағдайға, ВАК және Түркияның тиісті мемлекеттік органдарының шешімдеріне байланысты болады.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.