Тоқаев Ұлттық геологиялық қызмет құруды тапсырды
Ұйымның рөлі инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету болмақ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық геологиялық қызмет құруды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Орта мерзімді мақсат - 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есе 24 миллиард долларға дейін ұлғайту. Ал еңбек өнімділігі - 30 пайыз. Геологиялық зерттеу төмен деңгейде қалып отыр. Инвесторлардың сапалы геологиялық ақпаратқа қолжетімділігін кеңейту қажет. Ол үшін ведомствоға қарасты ұйым базасында тиімді Ұлттық геологиялық қызмет құру қажет», - деп тапсырды Мемлекет басшысы.
Тоқаев атап өткендей, бұл ұйым «кімге және жер қойнауына қалай жол беру керектігін шешетін монополист болмауы керек». Ұйымның рөлі инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету болып табылады.
«Жер қойнауын пайдалану саласы, әсіресе, жер қойнауын геологиялық барлау және кешенді зерттеу бөлігінде жаңа серпінге мұқтаж. «Ұлт жоспары» аясында басталған реформаларды іс жүзінде аяқтау керек. Геологиялық ақпараттың ашық сандық мәліметтер базасын құру, оған инвесторлардың қол жетімділігін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауы-ұлттық қазына», - деді Президент.