$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2021, 11:30
Үкімет

«Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес». Тоқаев Ұлттық қордан берілетін трансферттер туралы айтты

Мемлекет басшысы елде инфляция өсіп жатқанын атап өтті

«Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес». Тоқаев Ұлттық қордан берілетін трансферттер туралы айтты
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік қаржыны басқару бойынша ережелер жинағын құруды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Көп жағдайда мемлекеттік қарыздың аз болуы және қомақты резервтердің арқасында Қазақстан пандемия зардабын салыстырмалы түрде сәтті еңсеруде. Бұл біздің елеулі бәсекелестік артықшылығымыз және қазір оны жоғалтпау маңызды. Алайда, соңғы уақытта шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан трансферттер жасау тенденциясы пайда болды. Алайда, барлық уақытта осындай жеңіл жолмен жүре салу іске аспайды. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес.

Бюджет кірістерін ұлғайту бойынша шаралар қажет екені анық. Бірақ, ең алдымен, мемлекеттік шығыстардың көлемі мен тиімділігін бақылау қажет. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді жеделдету қажет, тиісті заңнамалық түзетулер 2021 жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс.

Тұтастай алғанда, елге мемлекеттік қаржыны, мемлекеттік қарызды, бюджеттік саясатты, Ұлттық қорды басқару жөніндегі ережелер жиынтығы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын әзірлеуді сұраймын», - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елде инфляция өсіп жатқанын айтты.

«Ұлттық банк, үкімет әлемдік үрдісті айтып, оның алдында қауқарсыз болып қалды. Мұндай сылтаулар ұлттық экономиканың осал екенін көрсетеді», - деді Президент.

10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордың жинақтау режимінен тұтыну режиміне көшкеніне – Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанына назар аударды. 2020 жылы ол бюджет кірісінің 40 пайызын құрады, ағымдағы жылы көрсеткіш 36 пайызға тең болады.

Бұған дейін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің бюджет кірістеріндегі үлесі жыл сайын өсіп келе жатқанын хабарлаған болатын. Ол Үкімет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышының өсіп келе жатқанын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары