$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.08.2021, 09:51
Үкімет

Эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып келеді – Алексей Цой

ДДСҰ-ға мүше 228 мемлекеттің 38-де коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші 50%-ға артқан

Эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып келеді – Алексей Цой
Алексей Цой, фото: ашық дереккөзден

Соңғы үш апта ішінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталуы байқалады. Елімізде бір апта ішінде орта есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркелді. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

1 тамыздан бастап елімізде коронавирус инфекциясының таралу индексі 14%-ға дейін төмендеді. Инфекциялық төсектердің – 53% (30 123), реанимациялық төсектердің – 47% (2 401) қолданылуда. Олардың басым бөлігі Ақтөбе, Қызылорда және Алматы облысында. Бүгінде ауруханаларда 120 мыңнан астам қазақстандық ем алып жатыр.

Алексей Цой кейбір азаматтардың дәрігерге қаралмай, өздігінен емделіп жатқанын ескеріп, мұндай олқылыққа жол бермеу керектігін айтты.

«Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар аурудың және халық арасында өзін-өзі емдеудің алдын алу және медициналық көмекке уақтылы жүгіну мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуі қажет», - деді Цой.

Еліміздің бас дәрігері азаматтардың вакцина алу мәселесі бойынша өңірлердегі көрсеткішке де тоқталып өтті.

«Қазір екпенің бірінші компонентін 6,1 млн адам салдырды. Ал екінші дозаны алғандар саны 4,8 млн адамды құрайды. Вакцина салдырушылардың ең көп үлесі 6 өңірді қамтиды: Шымкент, Алматы қалалары, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары. Ал бірінші дозамен вакцинациялаумен қамтудың ең аз пайызы Маңғыстау облысында (35%) байқалады. Қытайдың Sinopharm вакцинасының алғашқы партиясы барлық аймақтарға жеткізілді. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда», - деді Алексей Цой.

Үкімет отырысында Ashyq жобасының нәтижелері де айтылды. Жобаға қатысушылар саны 111 мыңнан асып, пайдаланушылар саны 4 млн-ға жетті, күн сайын 400 мыңнан астам қазақстандық өз мәртебесін онлайн тексереді.

«Ashyq жобасы енгізілген сәттен бастап қызыл және сары мәртебесі бар 46 067 келуші анықталды, оның 29 930-ы ПТР-тестінің нәтижесі оң және 16 137 байланыста болған тұлға. Сондай-ақ, мониторинг топтары карантиндік шаралардың сақталуын бақылауды жалғастыруда. Соңғы екі аптада рейд жұмыстары 16%-ға артты», - деді ведомство басшысы.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары