$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.08.2021, 12:20
Үкімет

Мәдениет және спорт министрі отставкаға кетуге міндетті - Арыстанбек Мұхамедиұлы

Экс-министр Токио Олимпиадасының нәтижесіне қатысты пікірін білдірді

Мәдениет және спорт министрі отставкаға кетуге міндетті - Арыстанбек Мұхамедиұлы

ҚР Ұлттық музейінің директоры, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы «Жетінші арна» бағдарламасында қонақта болып, Токио Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының нәтижесі жайында пікір білдірді.

Еске салайық, Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 8 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық рейтингте 83 орын алды. Бұл жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстан құрамасының ең төмен көрсеткіші.

«Рио Олимпиадасында қола жүлде алғанда қуанбай, қайта өкініш білдіргенбіз. Риода 10 спортшы қола жүлде алды, 5 спортшы күміс жүлде алды. Күміс алғандардың алтын медаль алуға да мүмкіндігі болды», - деді экс-министр.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Токио-2020 алдында қазақстандық спортшылардың дайындығы жоғары болғанын айта келе, не үшін алтын медальға қол жеткізе алмағанымызға қатысты ойын айтты.

«Олимпиадаға дейін министрлікте спортқа жауапты үш вице-министр ауысты: Елдос Рамазановты орнынан босатып, Сәкен Мұсайбековты тағайындады. Кейін бұл жерге Ерлан Қожағапанов келді. Спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиевті Олимпиадаға алты ай уақыт қалғанда декреттік демалысқа жіберді. Тіпті, оны қызметінен босатпақ болған. Оның орынбасары Серік Жарасбаевты Олимпиадаға аз уақыт қалғанда орнынан алып тастады. Тур де Франс турнирінде 7-орын алған Алексей Луценконы тәрбиелеп жүрген Александр Винокуровты шеттетті», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бағдарлама соңында журналист «Осы Олимпиададан кейін министр отставкаға кетуі керек пе?» деген сұрақ қойды.

«Көп министрді мысалға келтіруге болады. Мәселен, Ерболат Досаев, Жер мәселесіне қатысты Елбасыдан отставкаға жіберуін сұрады. Ол бұдан жеңілген жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің ерекшелігі - жеңіс пен жеңіліс бар. Жетістік болса, жеңімпазсың. Көрсеткіш болмаса, ол түсінікті», - деп жауап берді.

Журналист министрдің отставкаға кетуі туралы сұрақты тағы да нақтылап қойып, «Иә, немесе Жоқ» деп сұрады.

«Міндетті. Жауапкершіліктен қашпау керек», - деп жауап берді.

Серіктес жаңалықтары