Түркиядағы орман өртін сөндіруге аттанған қазақстандық құтқарушылар Даламанға жетті
Оның құрамында екі Ми-8АМТ тікұшағы және орман өртін сөндіруге тартылған 16 құтқарушы бар
Түрік халқына бауырластық және гуманитарлық көмек көрсету аясында жіберілген ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару тобы 11 тамыз сағат 13:25-те Даламан қаласына жетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Көмек көрсетуге аттанған құрамда екі Ми-8АМТ тікұшағы және орман өртін сөндіруге тартылған 16 құтқарушы бар. Түстен кейін өрт сөндіру орындарында барлау (ұшу) жоспарланған. Одан әрі Қазақстан ТЖМ жеке құрамы Түркияның ТЖМ жедел штабының қарамағында өрт сөндіру жұмыстарына кіріседі.
Еске салайық, Түркияның орманды алқабын шарпыған өрттен 30 провинцияда шамамен 130 орман өрті тіркелді. НАСА ғарыш агенттігі таратқан мәлімет бойынша 136 мың гектар жасыл желек жанып кеткен.