$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.08.2021, 11:20
Үкімет

Қаржы министрі бюджетті уақытында игермеген өңірлерді атады

Жергілікті бюджетті уақытылы игермеген өңірлердің көшін Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда, ШҚО, БҚО бастап тұр

Қаржы министрі бюджетті уақытында игермеген өңірлерді атады
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 5 трлн 832 млрд теңге, ал республикалық бюджетке 3,6 трлн теңге қаражат түсті. Жалпы, кірістер бойынша жоспар 4 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар бойынша жоспардың 3 млрд теңгесі атқарылмады. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бүгінгі Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Салықтар бойынша атқарылмаудың негізгі сомасы импортқа қосылған құн салығына, корпоративтік табыс салығына, мұнайға экспорттық кеден бажына және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі болды. Ал салықтық емес түсімдер бойынша жоспарды асыра орындау негізінен мемлекеттік органдар салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алулар бойынша қамтамасыз етілген», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Ал мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылғаны белгілі болды.

«Республикалық бюджет бойынша сомасы 8,6 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмағаны - 17 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу - 5 млрд теңгені құрады. Игерілмегені - 12 млрд теңге. Игерілмеген неғұрлым ірі сома Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Қаржы, Төтенше жағдайлар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне тиесілі», - деді министр.

Министр игерілмеудің негізгі себептерін атап өтті: шарттарды қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну; төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу; орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау; конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; сот талқылауларының болуы қаражатты тиісті кезінде пайдаланбауға әкеп соққан.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары жергілікті бюджетті уақытылы игермеген өңірлер тізімінің басында тұр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары