Сайлау:Ақмола облысында сайлаушылардың 59% дауыс берді

Үкімет қой экспортына тыйым салу туралы ұсынысты қарады

Фермерлердің пікірі екіге жарылды

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Бүгін Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, Қазақстанның қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың тірі ұсақ малдың экспортына толық тыйым салу туралы ұсынысын қарады, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, осы жылдың басында ұсақ мал басы 20,05 млн басты құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша өсім 902 мың басты (4,7%) құрады, бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Жыл басынан бері төл есебінен қой басы 7,1 млн-ға өскен. Қазір Қазақстанда 27,1 млн бас ұсақ мал бар.

Жыл сайын республикада 172,4 мың тонна қой еті өндіріледі. Биыл төрт айда Біріккен Араб Әмірліктеріне, Өзбекстан, Бахрейн және Ресей елдеріне 538 тонна қой еті экспортталды.

Алайда, қой шаруашылығы саласындағы басқа қоғамдық ұйымдар қой экспортына тыйым салу мәселесі фермерлердің қаржылық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін екенін жеткізіп, тыйым салуду енгізбеу жөнінде ұстанымын білдірді.

Жем-шөп тапшылығын, құрғақшылықты, жанар-жағармай шығынын және жем бағасын алға тартқан фермерлер пандемияға байланысты экспорттық нарықтар толық қалпына келтірілмегенін айтты. Фермерлер осындай қиын жағдайда тірі қойлардың экспортына тыйым салу олардың қаржылық жағдайына теріс әсер етеді деп есептейді. Сатып алу бағасының төмен болуына байланысты фермерлердің мал басын күтіп-бағуға жұмсаған шығындары өтелмейді және олар мал басын ұлғайтуға мүдделі болмайды.

Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы және қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрығына сәйкес, аналық ұсақ мүйізді мал басын шығаруға тыйым салынған.

Тараптардың пікірлерін ескере отырып, ведомствоаралық комиссия тірі қой экспортына толық тыйым салу мәселесі ертерек деп есептейді.

Талқылау қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне ағымдағы жылдың күзінде қой етін өндіру және сату секторының теңдестірілуін қамтамасыз ету мақсатында тірі малды экспорттауды квоталау тетігін енгізу тапсырылды.