ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

«Геномдық зерттеу толық аяқталған жоқ»: Ералы Тоғжанов үнді штамы туралы

Вице-премьер қазақстандықтарды вакцина салдыруға шақырды

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші төмендеді. Алайда, әлемді жайлаған вирустың жаңа штамы Қазақстанды айналып өткен жоқ. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Соңғы айда КВИ инфекциясын жұқтыру деңгейі 1,7 есеге төмендеді. Стационарлық емдеудегі науқастар саны 2,1 есеге, амбулаторлық емдеудегі науқастардың саны 1,7 есеге азайды. Инфекциялық төсек-орындардың қоры жеткілікті, олардың бүгінде 25 пайызы ғана, ал реанимациялық орындардың 21 пайызы ғана қолданыста. Бұған халықты вакцинациялау шаралары және эпидемияға қарсы қабылданған шешімдер ықпал етті», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Дегенмен әлемдегі жағдайға көз жүгіртсек, қазір аурудың түрлі штамы көптеген елде белең алуда. Солардың бірі үнділік «Дельта» штамы Нұр-Сұлтан қаласына жеткен болуы ықтимал.

«Нұр-Сұлтан қаласында COVID-19-бен ауру деңгейінің өсуіне байланысты вирустың мутация ұшырау ықтималдығына қатысты скрининг жүргізілді. Алдын ала нәтижелер вирустың мутациясы анықталғанын және ол «Дельта» штамына, яғни «Үнді» штамына тән екенін көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігінің жуырда жасаған мәлімдемесінде айтылғандай, түпкілікті қорытынды толық геномдық зерттеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. Оған қарамастан бүгіннің өзінде жаңа штамға қарсы тиісті алдын алу шаралары қабылданды», - деді вице-премьер.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов брифинг барысында аурудың алдын-алу үшін қазақстандықтарды дер кезінде вакцина салдыруға шақырды.

«Азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтау - Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Баршаңызды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Вирус ешқайда кеткен жоқ. Өкінішке орай, біз күн сайын коронавирустың салдарынан азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Егер халықтың басым бөлігі вакцинацияны уақтылы салдырса, қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Вакцина бізді індеттен сақтаудың бірден бір жолы екені бүгінгі күні айқын. Сондықтан вакцина алып үлгермеген әрбір қазақстандық тез арада вакцина қабылдауы керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан