Бетон, цемент, арматура, кірпіш: құрылыстағы қымбатшылыққа не әсер етті

Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесі қаралды

Бетон, цемент, арматура, кірпіш: құрылыстағы қымбатшылыққа не әсер етті
Azattyq Rýhy / Әсет Құндақбаев

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, биыл қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй бағасының өсуі 8%, екінші қайталама тұрғын үй бағасының өсуі 13% құрады. Отандық құрылыс материалдары бағасы осы аралықта 16% өскен.

Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, жыл басынан бері бетон (12%), цемент (5%), полиэтиленді құбырлар (10%), силикатты кірпіш (6%) бағасы өскен.

Импортқа тәуелді арматура, шыны сияқты материалдар айтарлықтай қымбаттаған. Оған қоса, құрылыс материалдарының қымбаттауына электр энергиясының, жанар-жағармай мен магистральдық теміржол желісі қызметінің қымбаттауы себеп болған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кірпіш, цемент, арматура, қиыршық тас, полиэтилен құбырларын өндірушілер мен жеткізушілерге бағаны төмендету қажеттілігі туралы 26 хабарлама жіберді.

Ал, тұрғын үй бағасының өсуіне сұраныстың артуы да әсер еткен. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жыл басынан бері жасалған келісімдер саны өткен жылғымен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тұрғын үй нарығында дүрлігу мен бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 14 құрылыс компаниясына бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді.

Үкімет басшысы Асқар Мамин құрылыстың жоғары қарқыны мен импортқа тәуелді құрылыс материалдарына қажеттілік артқанын айтып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды екеніне тоқталды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.