Сауда министрі картоп бағасының не себепті қымбаттағанын түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп импортталған

көрнекі фото

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанда картоп бағасының не себепті қымбаттағанын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, былтыр картоп экспорты жалпы экспорт көлемінің 19%-ын құраған және бұл нарық тапшылығына әкеледі.

«Осыған орай, маусымаралық уақытта картопты импорттау қажеттілігі туындайды. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселеге қатысты жүйелі шешім қабылдауға шақырғанымен, жергілікті атқарушы органдар аталған проблеманы жою бойынша тиісті шаралар қабылдамайды. Былтыр картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана баға тұрақтандырылды. Биыл төмен бағамен экспортталған (69 мың тонна) отандық өнім қорлардың 3 есе қысқаруына (903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін) әсер еткен», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Қазақстандағы картоп тапшылығын жою үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп сатып алынған. Бұл отандық картопқа қарағанда үш есе қымбат.