Қазақстандықтар қай кезден бастап CoronaVac вакцинасын салдыра алады
Қазақстандағы қолжетімді вакциналардың қатары CoronaVac екпесімен толықты
«СК-Фармация» ЖШС 12 маусымнан бастап қытайлық CoronaVac вакцинасын республика аймақтарына жөнелтуді бастайды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлімдеді.
«Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында 1 ақпаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай дистрибьютор («СК-Фармация» ЖШС – ред.) арқылы вакцина сатып алуды бастады. «Спутник V» 10 миллион 280 мың доза көлемінде сатып алынды. Оның ішінде осы жылдың 1 ақпанынан бастап бірінші компоненттің 1,9 миллион дозасы және екінші компоненттің 1,4 миллион дозасы жөнелтілді. 10 маусымда бірінші компоненттің 1,2 миллион дозасын, екінші компоненттің 525 мың дозасын жөнелту аяқталады», - деді Ерхат Есқалиев.
Отандық QazVac вакцинасына келетін болсақ, оның айтуынша, Бірыңғай дистрибьютор өңірлерге 100 мың доза жеткізді. Сондай-ақ осы күнге дейін қытайлық Hayat-Vax вакцинасының 1 миллион дозасы жеткізілді. Өткен аптада тағы бір қытайлық CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасы келді – бұл препаратты аймақтарға жеткізу 12 маусымнан басталады.
Естеріңізге сала кетейік, 1 маусымда Алматыға Sinovac Biotech Ltd Қытай биофармацевтикалық компаниясының CoronaVac вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Қытайлық CoronaVac вакцинасының алғашқы партиясы 500 мың дозадан тұрады. Бұл – Қазақстан азаматтары үшін коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау үшін қолжетімді төртінші препарат.