БҒМ мектепке алып кіруге тыйым салынған заттардың тізімін бекітті
Тыйым салынған заттарды білім ұйымдарына кіргізгені үшін олардың ата-анасы жауапты болады
Білім және ғылым министрінің бұйрығымен Қазақстанда мектептерге кіргізуге тыйым салынған және пайдалануға болмайтын заттардың тізімі бекітілді.
Мектептерге қару мен оған сыртқы ұқсастығы бар заттарды әкелуге қатаң тыйым салынады. Бұдан бөлек, білім ұйымдарында шаншитын, кесетін және өткір заттарды, өнеркәсіптік құралдарды, оқ-дәрі, жарылғыш, улы, психоактивті заттарды әкелуге және пайдалануға жол берілмейді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, тыйым салынған заттардың тізімі ІІМ, ДСМ, Цифрлық даму министрліктерімен, ҰҚК, Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен бірлесіп жасалған.
Сондай-ақ мектеп оқушыларының оқу сабақтары кезінде смартфон, планшет, плейерлерді пайдалануына шектеу енгізіледі. Бұл шектеулердің денсаулықты бақылау үшін смартфонды қажет ететін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қатысы жоқ.
Министрдің бұйрығына сәйкес, тыйым салынған заттарды білім ұйымдарына кіргізгені үшін олардың ата-анасы мен заңды өкілдері жауапты болады.