Ashyq-ты белсенді пайдаланатын көшбасшы өңірлер қосымша жеңілдіктер алады – ДСМ
Қосымшаны пайдаланушылар саны 2 млн адамға дейін артқан
Ashyq жобасын пайдалану бойынша көшбасшы өңірлер бизнестің жұмыс шарттары бойынша қосымша жеңілдіктер алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ashyq жобасын енгізудің оң әсерін ескере отырып, Атамекен ҰКП-мен бірлесіп жоба көшбасшыларын көтермелеу критериі әзірленді. Осылайша, жоба көшбасшылары қызмет түріне байланысты екі апта ішінде объектідегі бекітулер саны бойынша анықталады», - деді Алексей Цой.
Оның айтуынша, бұл тәсіл астана мен республикалық маңызы бар қалалардың ерекшеліктерін ескереді.
«Ashyq жобасының көшбасшысы мәртебесін алған қатысушылар жұмыс уақыты мен шарттары бойынша қосымша жеңілдіктер алады. Сондай-ақ Ashyq жобасына туристік сала объектілерін, білім беру орталықтарын, балаларды сауықтыру ұйымдарын қосу пысықталуда», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Министр жобаға қатысушылардың саны 8 мыңнан асқанын және екі апта ішінде 2 мыңға артқанын, пайдаланушылар саны екі апта ішінде 1,4 млн-нан 2 млн адамға дейін атап өтті.
«Ashyq енгізілген сәттен бастап оң нәтижесі көрсетілген ПТР-тесті бар 3 556 азамат және 3 012 байланыста болған адам анықталды. Статистика көрсеткендей, өкінішке қарай, азаматтар үйде оқшаулану режимін сақтамайды; халық көп жиналатын нысандарға баруға, ел ішінде қозғалуға тырысады; осылайша басқаларға жұқтыру қаупін тудырады», - деді Алексей Цой.
Ashyq – қоғамдық орындарға баратын адамдарды тіркеуге арналған қосымша. Нысанға кірмес бұрын пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлейді де, оны кіреберісте тұрған әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Ал азаматтардың статусы денсаулық сақтау министрлігіндегі мәліметтер базасымен салыстырғаннан кейін белгілі болады.