Мемлекеттік сатып алу: Сенат квазимемлекеттік секторға қатысты заңды қабылдады

Былтыр желтоқсанда елде квазимемлекеттік сектор субъектісін құруға мораторий енгізілді

Мемлекеттік сатып алу: Сенат квазимемлекеттік секторға қатысты заңды қабылдады
көрнекі фото

Бүгін Сенат отырысы барысында «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң қаралып, қабылданды.

Бұл құжат «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және басқа да ұлттық холдингтер мен компаниялардың сатып алу жұмысын реттейді. Заңда сатып алуды жүзеге асырудың қағидаттары, тәсілдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуға қатысуына байланысты шектеулер және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары белгіленген.

Одан бөлек, құжатта сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі енгізіледі, сонымен бірге оны қалыптастыру, жүргізу тәртібі және оған енгізу және одан шығару үшін негіздер айқындалған.

Тапсырыс берушінің және сатып алуды ұйымдастырушының әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасау жөніндегі нормалар енгізілді.

Бұдан бөлек, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат кейбір заңнамалық актілерді қабылданған «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңға сәйкестендіруді көздейді.

«Мемлекеттік қаржыны тиімді жұмсау – аса маңызды мәселе. Мемлекеттік сатып алуды, оның ішінде квазимемлекеттік сектордың сатып алуын тиімді пайдалануды пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық бәсекелестікті қалпына келтірудің тетігі ретінде қарастырған жөн. Алайда, осыған дейін ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің сатып алулары жалпы тәртіптен шығарылып, өз ережелері бойынша жүргізіліп келді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы мәселелерді шешу үшін тиісті заң қабылданып отыр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Еске сала кетейік, былтыр желтоқсанда Мемлекет басшысы квазимемлекеттік сектор субъектісін құруға мораторий енгізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.