ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

«Орны толмас экологиялық апатқа ұшыратуы мүмкін» - депутат Каспий акваториясында арналар қазу туралы

Депутат Роман Склярдан 5 сұраққа жауап беруін сұрады

көрнекі фото: ria.ru

Каспий теңізі акваториясындағы қолайсыз экологиялық жағдай көпшіліктің қатты алаңдаушылығын туғызып отыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов вице-премьер Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.

«Қолда бар мәліметтерге сәйкес, NCOC компаниясы (North Caspian Operating Company) биылдан қалдырмай «Қашаған» кен орны жобасының логистикасын қамтамасыз ету үшін Каспий теңізінде кеме қатынасына қажет арналар қазуға ниеттеніп отыр.

Қабылданған экологиялық кодекске сәйкес, Каспий теңізінің солтүстік бөлігі мемлекеттік қорық аймағына жатқызылған және табиғатты пайдалануда және инженерлік-құрылыс жұмыстарын жүргізуде ерекше мәртебеге және шектеулерге ие. Су және балық ресурстарын қорғауға, сондай-ақ экожүйенің тұрақты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы пайдалану режимі анықталды», - деді депутат.

Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясы - батыс өңірлердің балық ресурстарын және биоәртүрлілігін молайтуды қамтамасыз ететін бірегей экожүйе.

«Сондықтан, Каспий акваториясында кеме қатынасы арналарын қазу жобасы орны толмас экологиялық апатқа ұшыратуы мүмкін. Орхус конвенциясы талаптарына сәйкес азаматтар экологиялық ақпаратқа қол жеткізуге құқылы болуы керек. Теңіз кеме қатынасы каналдарының қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы (ҚОӘБ) бойынша қоғамдық тыңдауларды компания 2020 жылдың 21 қыркүйегіне тағайындап, өткізді. Алайда, Атырау облысы Табиғи ресурстар басқармасы ресми сайтында аталған жобаның ҚОӘБ жарияланбаған», - делінген депутаттық сауалда.

Бұдан бөлек, NCOC компаниясы мұнай өндірудің бүкіл кезеңіне, яғни 2038 жылға дейін Каспий теңізі деңгейінің өзгеруі жөніндегі болжам деректерін жұртшылыққа жарияламай отыр.

«Каспий теңізі – Ресеймен, Әзірбайжанмен, Түркіменстанмен, Иранмен шектесетін тұйық су айдыны. Қазақстан 2000 жылы ратификациялаған «Трансшекаралық мәнмәтінде қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы» БҰҰ ЕЭК халықаралық конвенциясы шеңберінде қазақстандық тарап Конвенцияның 3, 4, 5 және 6-баптарына сәйкес консультациялар өткізуге және осы жобаны өңірдің барлық елдерімен міндетті түрде келісуге тиіс еді. Бұдан басқа, Қазақстан 2005 жылы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияны ратификациялады, оның 8-бабында «...тараптар Каспий теңізінің түбіндегі қызмет нәтижесінде оның ластануын болдырмаудың, азайтудың және бақылаудың барлық қажетті шараларын қабылдайды», 14-бабында «...тараптар Каспий теңізінің биологиялық ресурстарын қорғауға, сақтауға, қалпына келтіруге, сондай-ақ ұтымды пайдалануға ерекше назар аударуға тиіс...» деп көрсетілген», - деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Депутаттың пікірінше, халықаралық экологиялық нормалар мен қолданыстағы конвенция талаптарына сай, аталған жұмыстарды іске асыру үшін бірінші кезекте трансшекаралық контексте ҚОӘБ жобасы жасалуға тиіс. Сондай-ақ қоршаған ортаға орасан теріс әсері бар мұндай жобалар жоспарлағанда міндетті түрде жобаны дамытудың басқа да баламалы нұсқалары ұсынылуы қажет. 

Дүйсенбай Тұрғанов депутаттық сауалында вице-премьерден келесі сұрақтарға жауап беруін сұрады:

  • Неліктен арнаны төсеу жобасы таңдалды? Жобаның баламалы нұсқалары қарастырылды ма (көпір, ауа жастықтарындағы су көлік құралдары, эстакада және т.б.)?
  • Жоба Каспий өңірі елдерімен келісілді ме?
  • Каспий теңізінің деңгейі жылына 15-20 см төмендейтіні белгілі. Егер таяудағы 4-5 жылда теңіз деңгейі қайтадан осындай қарқынмен төмендей беретін болса, арналарды қосымша тереңдету және жұмыстарды қайта жүргізу қажеттілігі туындамайды ма?
  • Тасымалдау каналының бағыты орнатылды ма және алынатын топырақ қайда бағытталады? Топырақты алу және орнын ауыстыру үшін жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган беретін арнайы рұқсат бар ма?
  • Жоба іске асырылған жағдайда орындалған экологиялық іс-шаралардың сәйкестігін тексеру үшін жобадан кейінгі талдау жүргізіле ме?

Мәжіліс депутаты келтірген деректерге сәйкес, кеме қатынасы арналарының ұзындығы 56 км, ені 80 метрден 115 метрге дейін бірнеше кеме қатынасы каналдары, диаметрі 325 метрден 380 метрге дейін 10 бұрылу бассейні салынады. Каспий түбінен шамамен 29 млн м2 аумағынан 18,5 млн м3 астам топырақ алу жоспарланып отыр. Бұдан туатын қауіп-қатерлер: кең аумақтардағы су түбі организмдерінің 100% жойылуы; судың лайлануының пайда болуы балықтырды азықтандыру мен көші-қон жағдайларын нашарлатады; қалқыма заттар су бағанына түседі, ағыстармен тасымалданады және Солтүстік Каспий акваториясының бойынша түбіне шөгеді, ихтифаунаның азық базасын жояды.