Премьер-министр ІІ компонент бойынша вакциналау аралығын нақтылауды тапсырды
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компоненті шамамен 800 мың адамға салынды

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компоненті 1,9 млн жуық адамға, екінші компоненті шамамен 800 мың адамға салынды. Үкімет отырысында айтылғандай, қоймалар мен медициналық мекемелерде вакциналардың жеткілікті көлемі бар. Вакциналау кесте бойынша жүргізілуде.
«Өңірлерде вакциналауды арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Әкімдер мәселені ерекше бақылауда ұстасын. Адамдарға вакцинаны таңдау құқығы және тиісті ақпарат берілуі тиіс», - деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.
Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне ІІ компонет бойынша вакциналау аралығын нақты анықтап, халықтың сұрауы мен қалауына назар аударуды тапсырды. Асқар Мамин шектеу шараларының сақталуын бақылайтын мониторинг топтардың жұмысын жалғастыру қажеттігін айтты.
«Ashyq» қосымшасын пайдалану оң нәтижесін беріп отыр. Соның арқасында қызметтер көрсету саласындағы бизнестің жұмыс істеу мүмкіндігі жақсарды, оларға келуші адамдардың қауіпсіздігі артты. Қосымшаны пайдалану аясын одан әрі де кеңейту қажет», - деді премьер.
Еске салайық, 14 мамырда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Саниятариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші компонентті арасындағы үзіліс 21 мен 91 күн аралығында, ал отандық QazVac вакцинасына қатысты екпенің екі компонентінің арасы 21 күнді құрайтынын айтты.