21 әлде 90 күн: депутат вакцинация арасындағы алшақтық үшін шенеуніктерді жазалауға болатынын айтты

Бүгін Мәжіліс отырысында Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы қатты сынға ұшырады

21 әлде 90 күн: депутат вакцинация арасындағы алшақтық үшін шенеуніктерді жазалауға болатынын айтты
Азат Перуашев, фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде бизнестің дамуына кері әсерін тигізген коронавирус пандемиясы кезіндегі кейбір жауапты ведомстволардың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдержің көпшілігінде сауда мен қызмет көрсету саласындағы шектеулер кезең-кезеңімен алынып тасталады. Шағын бизнес қайта жұмыс істеп, адамдарда қалыпты жалақы алуға мүмкіндік туады. Осының бәріне халықты уақытылы вакцинациялау нәтижесінде қол жеткізіледі. Бізде бұл тәжірибе сәтсіз өтіп жатыр», - деді депутат.

Азат Перуашевтың айтуынша, Қазақстан коронавирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлегенмен, оның нәтижесін толық пайдалануға мүмкіндік жасай алмай отыр.

«Қазір вакцинация барысы туралы пікірталас болды. БАҚ-та айтылғандай, Қазақстан өзінің коронавирусқа қарсы вакцинасы бар бірнеше елдің қатарына енді. Ғалымдарымызға құрмет көрсету керек. Бірақ бұл жұмыстың жемісін біз толық пайдалана алмаймыз, өйткені өндіріс жолға қойылмаған. Зауыт әлі салынып жатыр, вакцина шығаратын жер жоқ. Біз бір елден субстанция, екіншісінен құты тасимыз, үшіншісіне құямыз. Сұйылту үшін пайдаланатын судың өзімізден болғанына шүкір», - деді ол.

Сонымен қатар, депутат вакцинаның құны туралы мәселе жабулы күйінде қалып отырғанына да тоқталды. Сондай-ақ Азат Перуашев әріптесі Лариса Павловецтің Қазақстандағы вакцинация қарқыны туралы айтқан сынын қолдады.

«Үш ай ішінде вакцинаның бірінші компонентін 1,4 млн адам алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мақтанышпен хабарлайды. Бірақ, біздің мәліметіз бойынша вакцинаның екінші компонентін 347 мың ғана адам қабылдаған. Бұл - толыққанды вакцинация халықтың 2%-ын ғана қамтыды деген сөз. Бұл жерде қандай ұжымдық қауіпсіздік туралы айтуға болады? Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау мерзімін 21 күн дейді. Бірақ өткен аптада Бас санитар дәрігер (Ерлан Қиясов – ред.) екі компонент арасын 90 күн деді. Кешіріңіз, 21 мен 90 – әртүрлі сандар. Мұндай алшақтық үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Тіпті, түрмеге отырғызады. Ал, біздің министрліктегі шенеуніктер өздеріне 15 млн көлемінде сыйақы жазып отыр, сіз осындай саннан санға секіру мен айырмашылықтарды олардың қайдан алынатынын дәлелдеп негіздей аласыз ба?», - деп сұрады мәжілісмен.

Еске салайық, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин Денсаулық сақтау министріне ескерту айтып, вакцинациялау қарқыны тым баяу жүріп жатқанын сынға алды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.