Шілдеден бастап «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы іске қосылады

Бес жыл аралықты қамтитын ұлттық жобаға 3 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді

Шілдеден бастап «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы іске қосылады
көрнекі сурет

Денсаулық сақтау министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын әзірледі. Ұлттық жобаны бекіту туралы Үкімет қаулысының екінші жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Орталық және жергілікті атқарушы органдар мен өзге де ұйымдар ұлттық жобаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдап, ұлттық жобаны іске асырудың жоспар-кестесіне сәйкес Денсаулық сақтау министрлігіне ақпарат береді.

Ұлттық жоба бірнеше міндетті қамтиды:

  • Салауатты өмір салтын қалыптастыру;
  • Медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру;
  • Кадрлық әлеуетті және ғылыми медицинаны дамыту;
  • Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру.

Сонымен қатар:

  • Вакцинамен басқарылатын, аса қауіпті және жаңадан пайда болатын инфекцияларға эпидемиологиялық қадағалау жүйесін жетілдіру;
  • Эпидемиологиялық болжау мен ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру;
  • Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту;
  • Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызметті цифрландыру;
  • Бұқаралық спортты дамыту міндеттері бар.

Жобаны іске асырғаннан кейін 2025 жылы адам өмірінің сапасын жақсарту, азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту арқылы олардың белсенді ұзақ өмір сүруіне және әлеуметтік функцияларды толық орындауына қол жеткізу күтіледі.

Сондай-ақ нәресте және ана өлімі де азаяды деп жоспарланған.

Денсаулық сақтау саласындағы негізгі капиталға инвестициялар 2019 жылғы деңгейден 372,2%-ға дейін өспекі. Дәрігерлердің орташа жалақысы 2023 жылға дейін 2,5 есе өседі деп күтілуде.

Ұлттық жобаны іске асыру үшін қажетті қаржыландыру көлемі – 3 078 838 млн теңге. Ұлттық жобаның жетекшісі – министр Алексей Цой, кураторы – вице-премьер Ералы Тоғжанов.

Жоспарды іске асыру 2021 жылғы 1 шілдеден басталады. Жобаны толығымен «Ашық НҚА» сайтынан көруге болады. Мұнда жоба 20 мамырға дейін жария талқылау үшін орналастырылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.