ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Қазір шетелдік жеті кәсіпорын 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін жалға алып отыр

Бұл кәсіпорындар жерді мораторий жариялағанға дейін жалға алған

көрнекі сурет

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгінгі Сенат отырысында шетелдік қатысуы бар жеті кәсіпорынның 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін жалға алып отырғанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, Жамбыл облысында 5,9 мың гектарды 1 кәсіпорын, Павлодар облысында 32,2 мың гектарды 1 кәсіпорын, Атырау облысында 1,6 мың гектарды 1 кәсіпорын және Ақмола облысында 34,7 мың гектарды 4 кәсіпорын жалға алған.

Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында 14,9 мың гектар алқапта 1 кәсіпорын және Жамбыл облысында 3,6 мың гектар алқапта 1 кәсіпорын.

Министр бұл компаниялардың ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мораторий жариялағанға дейін жалға алғанын айтты. Ал, жалға алу мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде аяқталады.

Еске сала кетейік, Бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Осы заң жобасында егер меншік иесі болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына шетелдіктер мүше болған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған. Бүгін Сенат аталған заң жобасын қарап, құжаттың негізгі тұжырымын мақұлдады. Алайда, талқылау барысында оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Соған байланысты Палата отырысында заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.