Сәуірде вакциналауға жататын халықтың 20%-ы екпе алуы тиіс - Үкімет

Үкімет басшысы бизнес-ортада «Ashyq» қосымшасын енгізуді кеңейтуді тапсырды

Сәуірде вакциналауға жататын халықтың 20%-ы екпе алуы тиіс - Үкімет
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Бүгінде Қазақстанда санитарлық-эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақтанды. Вирустың репродуктивті индексі республика бойынша 1-ге дейін төмендеді. Инфекциялық төсек орындар 41%-ға, реанимациялық төсек орындар 28%-ға толы. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды. 

Коронавирус індетінің таралу қарқыны бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары «қызыл» аймақта орналасқан. Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, қалған барлық өңірлер – «сары» аймақта.

26 сәуірден бастап кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» қосымшасын кеңінен іске қосу жұмыстары басталды. Енді «Ashyq» қосымшасы аясында театрлар мен кинотеатрлардан басқа, дәмханалар, мейрамханалар, сауда-ойын-сауық орталықтары мен спорт объектілері, оның ішінде фитнес-залдар ашылуға дайын.

«Қазіргі ең маңызды міндет – азаматтарымызды коронавирусқа қарсы вакциналаумен жаппай қамту. Сәуір айының қорытындысы бойынша вакциналауға жататын халықтың 20%-ы коронавирусқа қарсы екпе алуы тиіс. Вакциналау жоспары мен өңірлерге вакцинаны жеткізу графигін сақтау қажет», - деді Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Үкімет басшысы бизнес-ортада «Ashyq» қосымшасын енгізуді кеңейтуді тапсырды, бұл кәсіпкерлерге енгізілген шектеу шаралары жағдайында өз қызметін жандандыруға мүмкіндік береді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.