Қызылорда облысында 11 млрд теңге жұмсалған жобаның сапасы сын көтермейді - Сенат
Жаңақорған тұрғындары ауыз суға жарымай отыр
Халық 11 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалып, 2014 жылдан бастап іске асырылған жобаның рахатын көре алмай отыр. Сенат депутаты Нариман Төрағалиев Жаңақорған ауданындағы су құбырының құрылысын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Депутат «Сырдария және Талап топтық су құбырының құрылысы» жобаларына қатысты проблемаларды көтерді. Жоба бойынша ауданның 28 елдімекенінде тұрып жатқан 43 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтылуға тиіс еді. Алайда жергілікті жұрт күні бүгінге дейін таза ауыз суға жарымай отыр.
«Сырдария топтық су құбыры 5,2 млрд теңге қаржыға салынып, пайдалануға берілді. Ал, Талап топтық су құбырының құрылыс жұмыстарына 5,5 млрд теңге жұмсалған. 11 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалып, 2014 жылдан бастап жүргізілген жобаның түпкілікті нәтижесін халық көрмей отыр. Себебі, Талап су өндіру кешенінде қазылған 8 ұңғымадан құм аралас су шығып жатыр», - деді Төреғалиев.
Сондай-ақ аталған су құбырлары сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерінің тізбесіне енгізілмеген болып шықты. Яғни, халық ауыз суға ақшаны толық тарифпен төлеп отыр.
«Қазір ауыз су халыққа күніне 1-2 сағатқа беріліп, шектеу қойылған. Осы жобалардың толық іске қосылмауы салдарынан тұрғындар ауыз суды аулада орналасқан шахталық құдықтардан немесе кіші ұңғымалардан алып ішуге мәжбүр», – дейді сенатор.
Депутат өз сауалын Премьер-министрдің орынбасарына жолдай отырып, Талап және Сырдария топтық су құбырларының іске қосылуын жылдамдатып, тізбеге енгізіп, субсидиялауға қатысты мәселелерін шешуге ықпал жасауын сұрады.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан