$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.04.2021, 14:51
Үкімет

QazVac вакцинасын салдырған 3 мың еріктіде антиденелер пайда болды

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген коронавирус вакцинасы қолданысқа дайын

QazVac вакцинасын салдырған 3 мың еріктіде антиденелер пайда болды
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген QazVac вакцинасы клиникалық зерттеулердің соңғы үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған 3 мың ерікті қатысып, вакцинаны 21 күндік аралықпен 2 рет алды. Вакцина салдырған еріктілердің қанында қажетті қорғаныс антиденелері пайда болды. Қазір вакцина алған еріктілердің жағдайы жақсы. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметінен хабарланды.

«Зерттеулер QazVac-тың коронавирус инфекциясына қарсы жоғары иммуностимуляторлық белсенділігін көрсетті. Вакцина сенімді қорғанысты қамтамасыз етіп, гуморальды және жасушалық иммунитет қалыптастырады. Қазақстандық вакцина салдырған еріктілерде антиденелер титрінің өсуі байқалады. Атап айтсақ, бірінші вакцинациядан кейін 16-дан 128-ге дейін (СГТ=32.0), екінші вакцинациядан кейін 128-ден 2048-ге дейін (СГТ=618.5) өсім байқалған», - деп хабарлады.

Сондай-ақ вакцина салдырған адамның ағзасында вирусты бейтараптандыратын антиденелердің пайда болуы қазақстандық инактивтендірілген вакцинаның тиімділігін көрсетіп отыр.

«Алғашқы вакцинациядан кейін адамдардың ағзасында 2-ден 16-ға дейінгі титрде вирусты бейтараптандыратын антиденелер пайда болды (СГТ=5.1). Қайта вакцинациядан кейін бұл көрсеткіш тұрақты өсіп, 28 тәулікте 8-ден 128-ге дейін (СГТ=19.3), ал 42 тәулікте 32-ден 256-ға дейін (СГТ=99.5) жетті. Сонымен бірге плацебо егілген еріктілердің қан сарысуы үлгісінде вирусты бейтараптандыратын антиденелер анықталмады», - делінген БҒМ ақпаратында.

БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, QazVac вирустың барлық мутацияланған штамына қарсы тұра алады.

«Инактивтендірілген вакцина толығымен вирионнан жасалған және онда ақуыздардың барлық спектрі сақталған. Сондықтан қандай мутация кездессе де, QazVac вакцинациясынан кейін пайда болған антиденелер вирусты танып, оны залалсыздандырады және инфекция туралы ақпаратты сақтайды. Осылайша, қазақстандық инактивтендірілген QazVac вакцинасы жоғары сенімділігі мен тиімділігін көрсетіп, жаппай қолдануға ұсыныла алады», - делінген.

Айта кеткен жөн, кейбір елдерде вакцина бірінші және екінші кезеңнен кейін қолданылады бастайды. Қазақстанда вакцинаны тереңірек және мұқият зерттеу үшін клиникалық зерттеулер алғашқы екі кезеңмен шектелмей, үшінші кезеңге жалғасты.

Айта кетейік, отандық ғалымдар әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцинаның ғылыми атауы - QazCovid-in, ал сауда нарығындағы атауы - QazVac.

Серіктес жаңалықтары