ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

Бензин бағасын Ресеймен теңестіру ойымызда жоқ - Энергетика вице-министрі

 Әсет Мағауов бензин бағасының өсуіне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді

фото: Батыржан Беспаев

Энергетика вице-министрі жаңа жылдан бастап акциз құнының 10 теңгеге өсуіне тікелей жауапты Ұлттық экономика министрлігі екенін айтып, бұл мәселеге байланысты көптеген сұраққа толыққанды жауап берген жоқ. Алайда, жанармайдың қымбаттауы коммуналдық төлем бағасына әсер етпейді деп сендірді.

«Акцизді өсіру жөніндегі бұйрық жүзеге асқан күннің өзінде, ол 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Оның бағасы коммуналдық төлемдерге, электр энергиясы бағасының өсуіне әсер етпейтін шығар. Нақтысын Ұлттық экономика министрлігі біледі. Біріншіден, бензин бағасы үш жылдан бері қадағаланбайды. Себебі, Еуразиялық Экономикалық одаққа кіргеннен кейін, нарық заңдылықтарына сүйенуге тырысамыз. Естеріңізде шығар, екі-үш жыл бұрын бензин тапшылығы болып, Ресейден жанармай келмей қалды. Ал өткен жылы бензин артығымен болып, баға біраз төмендеді. Сондықтан қазір бұрынғыдан арзан деп есептеймін», - деді ол.

Ә. Мағауов «Бензин бағасының қымбаттауына кім жауапты?» деген сұрақтың өзі дұрыс емес деп есептейді.

«Бізге ең бастысы бензин өндірушілер мен жанармай бекеттері арасында ашық қатынас болғаны керек. Міне, сол мәселені ұлттық экономика министрлігімен бірге қарастыра аламыз. Арада делдал жүрмеуін қадағалаймыз», - деп түйіндеді.

Жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов акциз құнының артуына қатысты пікір білдіріп, Қазақстандағы бензин бағасын Ресеймен салыстырған еді. Ол бізде АИ-92 маркалы жанармайдың бағасы 163 теңге болса, Ресейде ол 260 теңге тұратынын айтқан. Ал, журналистедің «Неліктен біз бензин бағасын Ресеймен салыстыруымыз керек?» деген сұрағына Энергетика вице-министрі Ә. Мағауов:

«Біз Ресеймен өзара сауда қатынасын жасаймыз. Олармен ресми саудамыз жанама салықсыз жүреді. Ал, осы салықтарды алып тастап, бағаларды салыстырып көрсек, үлкен айырмашылық жоқ. Айырмашылық тек акциз бағасы мен құн салығында. Сол себепті де Ресей мен Қазақстандағы баға екі түрлі... Негізі, бізге Ресеймен бензин бағасын теңестіру туралы тапсырма берілмеген. Ешкім бензин бағасы 260 теңге болсын деп отырған жоқ. Ал акциздің 10 теңгеге қымбаттауы заңсыз жанармай тасымалына тосқауыл қояды. Себебі акциз қымбаттаса, олардың пайдасы да азаяды», - деп жауап берді.  

Естеріңізге салсақ, 2017 жылы елде жанармай тапшылығы болғанда, сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Әсет Мағауовты Энергетика вице-министрі қызметінен босатқан еді. Содан кейін ол «Kazenergy» ассоциациясында бас директор болып екі жыдай қызмет атқарып, бұрынғы орнына қайта келді. «Azattyq Ruhy» тілшісінің «Бензиннің кезекті рет қымбаттауы қызметіңізге әсер етеді деп қорықпайсыз ба?» деген сұрағына вице-министр «Акцизді қымбаттату Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы ғой. Екеуінің арасында байланыс жоқ деп ойлаймын» деп жауап берді.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Амрин бензин бағасы 160 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам айтқан. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан