Сенатор Тараз қаласына қатысты бірқатар проблеманы көтерді
Депутат Жамбыл облысындағы экологиялық ахуалға алаңдаулы
Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Үкіметке жолдаған сауалында өңірдегі бірқатар проблеманы тізіп шықты. Мәселен, Тараз қаласындағы 1962 жылы салынған кәріз желілерінің де, 4 кәріздік сорғы станциясының да техникалық жағдайы өте төмен.
Қалалық кәріз желісіне сонымен бірге сарқынды су ағызатын тұрғын үй құрылыстары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдықтары қосылады. Ал бұл сүзу алаңдарына шамадан тыс қысым туғызып, гидравликалық ауыртпалық түсіреді. Осының салдарынан жер асты сулары ластанып барады. Бұл Жамбыл ауданына жақын маңдағы Бірлесу-Еңбек, Қостобе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе атты бес елдімекен тұрғындарын ауыз судан айырып, ауыл шаруашылығы алқаптарын батпаққа айналдырды, ал елді мекендерді су басу қаупі бар.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік кепілдікпен халықаралық қаржы ұйымдарынан қаражатын тарту арқылы бірнеше қалада кәріздік тазарту ғимараттарын салу және реконструкциялау жобасы жоспарланған. Алайда, бұл қалалар тізіміне 400 мыңға жуық тұрғыны бар Тараз қаласы (Жамбыл облысының орталығы) кірмей қалған.
«Осының бәрін ескере келіп, аталған мәселенің Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне және экологиялық тұрғыдан маңыздылығын ескере отырып, оны тездетіп шешу үшін Тараз қаласын кәріз-тазарту имараттарын салу жоспарының 1 кезеңіне қосуға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», - деді Бекболат Орынбеков.