Мемлекет басшысы аталмыш заң жобасына Парламентке жолдады
Мемлекет басшысының «Шетелдіктерге жерді сатуға тыйым салу туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы Мәжілістің кезекті отырысында талқыланды.
Төменгі палатаның Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы Ерлан Барлыбаев осы мәселе бойынша бүгінде жұмыстың қолға алынғанын мәлімдеді.
«Заң жобасы ҚР Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілді. Қабылданғалы жатқан заң жобасы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар ҚР заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен ие болуына тыйым салуды енгізуді көздейді», - деді Ерлан Барлыбаев.
Мәжіліс депутаты Аграрлық мәселелер комитеті аталған заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Жер туралы жаңа заң жобасы: шетелдіктер мен қандастарға жер сатылмауы мүмкін
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағанын айтқан.
«Бүгін мен өзімнің Президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығымды пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдадым. Парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайды», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.