Әкімдіктер жайылымдық жерді тиімді пайдалану туралы заңға немқұрайлық танытып отыр - Мәжіліс
Мәжіліс депутаты өңірлерде жайылымдық жерлер әлі де тапшы екенін айтты
Жергілікті атқарушы органдар жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану туралы заңға немқұрайлық танытуда. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«2017 жылы жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін «Жайылымдар туралы» ҚР заңы (бұдан әрі - Заң) қабылданды. Заң жайылымдық алқаптарды тиімді реттеуді дамытуға, оның ішінде жайылымдарды ұтымды пайдалануға және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозу процесін болғызбауға бағытталған. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдар ол заңға жеткілікті түрде мән бермей келеді. Соның салдарынан ауыл тұрғындары арасында әлі күнге дейін түсініспеушілік пен наразылықтар туындап, жер мәселесі бойынша дау көбеюде», - деді депутат.
Қаратаев келтірген деректерге сүйенсек, жайылымдық жерлердің тапшылығы барлық облыста байқалады. Ең жоғарғы көрсеткіш - Түркістан облысында (8 476,9 мың гектар). Одан кейінгі тізімде Алматы (4576,9 мың га), Қызылорда (3 697,8 мың га) және Жамбыл (3329,7 мың га) облыстары тұр.
Аталған мәселе бойынша Мәжіліс депутаты вице-премьер Роман Склярға бірқатар ұсыныс жолдады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге қолданылмай жатқан жайылым жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде қатаң шаралар қабылдауды; заң сәйкестігіне орай орталық және жергілікті атқарушы органдармен қабылданған барлық заңдық актілерге сараптама жүргізуді; Ауыл шаруашылығы министрлігі, өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар және жер инспекциясымен бірлесіп, заңда бекітілген міндеттерді дер кезінде орындау, ауыл халқы алдындағы жауапкершілігін күшейту жөнінде және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз», - деді депутат.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан