Ұлттық холдингтер мен компанияларда сатып алудың жаңа тәртібі енгізілмек
Заң жобасын Қаржы министрлігі әзірлеп, Мәжіліске таныстырды
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасын таныстырған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қазір квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әртүрлі нормативтік құқықтық актілермен реттеліп келе жатқанын айтты. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңмен және Қордың директорлар кеңесі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттеледі.
«Самұрық-Қазына» қорының құрамына кірмейтін «Бәйтерек», «ҚазАгро», «Зерде» сияқты ұлттық компаниялардың сатып алуы «Мемлекеттік мүлік туралы» заңмен және Қаржы министрлігі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттеледі.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанында жұмыс істейтін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңмен және Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен реттеледі.
Бірыңғай дистрибьютер «СК-Фармация» ЖШС-ның сатып алулары Денсаулық туралы кодекспен және дәрілік заттарды сатып алу қағидаларымен реттеледі.
«Әзірленген заң жобасы аясында «Самұрық-Қазына» және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын реттеу ұсынылады. Осылайша, заң жобасы сатып алулары шамамен 3,4 трлн теңге сомасындағы 250-ден аса ұлттық компанияларды олардың еншілес ұйымдарымен бірге қамтитын болады. Бұл ретте орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанындағы мемлекеттік кәсіпорындардың, АҚ-лар, ЖШС-лардың сатып алуын «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның аясында қалдыру ұсынылады», - деді министр.
Заң жобасында мынадай негізгі тәсілдер ескерілген:
- квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бірыңғай болып саналатын, заңның қолдану аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер заң деңгейінде бекітіледі.
- сатып алу процесін нақтылайтын нормаларды ережелер деңгейінде регламенттеу ұсынылады. Осы жерде «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу ережелерін бекітуді уәкілетті органның (Қаржымині) келісімі бойынша Қордың қарамағында қалдыру ұсынылды. Бұл Қор қызметінің ерекшелігі мен оның мәртебесіне, сондай-ақ ІРО өткізу және жекешелендірудің өзге де түрлері кезінде Қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтау қажеттігіне байланысты.