Мемлекеттік органдар сот алдында жаңа кодекске сай жауап береді
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді
ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді. Бүгін кодекстің нормаларын түсіндіру бойынша кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Жоғарғы сотының аппараты басшысының орынбасары, судья Елдос Жұмақсанов қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кодекстің негізгі ережелері туралы ақпараттандыру, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі қызметті жетілдіру бағыттарын түсіндіру.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырумен байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
«Бұл кодекстің міндеті - жеке тұлғалардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, жария-құқықтық қатынастардағы заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу», - деді Елдос Жұмақсанов.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс енгізілген соң «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы», «Әкімшілік рәсімдер туралы» ҚР заңдарының күші жойылады. Бұдан басқа, көптеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Спикерлердің айтуынша, кодексті қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге әкеледі.
Шара барысында спикерлер «Қазақстанның сот төрелігі ахуалы үрдістері мен келешегі» атты цифрлық-статистикалық жинақ пен «Коммуникация орталығы» жаңа платформасын таныстырды. Осылайша, Жоғарғы сот өкілдері ақпарат құралдары өкілдерімен коммуникацияны нығайта отырып, қоғамға сот ақпаратын ілгерілетудің жаңа тетіктерін қарастырып жатқанын жеткізді.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың маусымында ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан