Қазақстанның 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілді
Аталған құжатты Ұлттық экономика министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бірлесіп әзірледі
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрілігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұлттық жоспарда жаңа экономикалық бағытымыздың негізгі міндеттері мен параметрлері айқындалған. Құжатта аса маңызды салаларды дамыту жөніндегі стратегиялық пайым, коронадағдарыс салдарын жеңілдетуге және жаңа экономикалық нақтылық пен ағымдағы жаһандық үрдістер жағдайында экономиканың орнықты, инклюзивті және сапалы дамуын қамтамасыз етуге бағытталған негізгі саясатты жетілдіру жөніндегі бағдарлар көрсетілген.
Жоспар халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған түбегейлі институционалдық және салалық реформалар үшін негізделген.
Экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру, әртараптандыру, инвестицияларды таргеттелген тарту, экспортты белсенді ілгерілету, жеке кәсіпкерлікті қолдау және кешенді дамыту арқылы оның жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылданады.
Денсаулық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, нәтижелі жұмыспен қамтуға және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құралы - «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары туралы» жарлыққа қол қойды.
Жалпыұлттық басымдықтар (ЖҰБ) үш түйінді бағыт бойынша 10 нақты міндетті білдіреді: азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы және күшті экономика құру.
Ұлттық даму жоспарының және жалпыұлттық басымдықтардың барлық индикаторы бүкіл мемлекеттік аппарат жұмысының өзекті бағыттарын айқындайды.