Қазақстанда 843 мың үй «марқұмдар» мен елден кеткен жандардың атына тіркелген
Жыл басынан бері 25 миллионнан астам мәлімет түзетілген
Қазақстанда 843 мың жылжымайтын мүлік объектілері әлі күнге дейін қайтыс болған жандар мен елден кетіп қалған азаматтардың атында тұр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында баяндама жасаған Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті.
Аталған қателіктер салықтық органдардың жұмысына кедергі келтіретіні белгілі. Сондықтан жыл басынан бері мемлекеттік органдардағы 25 миллионнан астам мәлімет өңделіп, 3,6 млн-нан астам қате мәліметтер жаңартылған. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетіндегі 933 мың ақпарат түзетілген. Дегенмен, комиттетегі мәліметтерде әлі 64 мың қате бар. Ал жер учаскелері бойынша бүгінге дейін 116 мың мәлімет қайта өңделген.
«Келешекте қателіктерді болдырмас үшін Ішкі істер министрлігіне қолданыстағы ақпараттық жүйені жетілдіріп, форматтық-логикалық бақылауды күшейту керек. Жергілікті атқарушы органдар геопорталдарды құру кезінде классификатор құрып, жер бөлген кезде осы классификаторды қолдану қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қайтыс болған және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кеткен адамдарға тиесілі мүлікті иесіз деп тану мәселесін пысықтауы тиіс», - деді министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан