Келер жылы Қазақстанда 7 көтерме-тарату орталығы салынады
Болашақта елде 24 көтерме-тарату орталығы салынады
26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы жайында ескерту айтты. Осыған байланысты, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасын ұстап тұру бойынша қандай шаралар қабылданып жатқанына тоқталды.
«Әкімдіктер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы керек және баға өсіп жатса, шекті баға енгізу бойынша шұғыл шара қабылдауы қажет. Импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған тауарлар бойынша тұрақтандыру қорларын барынша қалыптастыруды қамтамасыз ету – мақсат. Біздің елімізде өндірілетін тауарлар бойынша қаржыландыру көлемін 50 млрд теңгеге дейін ұлғайта отырып, «айналым схемасы» шеңберінде форвардтық келісімшарттарды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет», - деді министр Үкімет отырысында.
Министр ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруді арттыру мен сауданы цифрландырумен қатар, ұлттық тауар өткізу жүйесін іске қосу қажеттігін айтты.
Жалпы, Бақыт Сұлтановтың айтуынша, елде 24 көтерме-тарату орталығы салынады, оның жетеуі 2022 жылы Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында, Алматы, Жамбыл және Павлодар облыстарында іске қосылады.
Ал, шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл аясында министр мыналарды ұсынды:
- Техникалық реттеу жүйесін цифрландыруды жүргізу;
- «Сәйкестікті бағалау туралы» жаңа заң әзірлеу;
- Шекаралық сынақ зертханаларын құру;
- Таңбалауға арналған тауарлар тізімін кеңейту.