Асқар Мамин Премьер-министр болып қайта тағайындалды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының алдында Асқар Маминнің кандидатурасын премьер-министр қызметіне ұсынды. Отырысқа қатысқан 99 депутаттың 78-сі Маминді қолдап дауыс берсе, 21 адам қалыс қалды.
Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров Мәжіліс отырысында ҚХП фракциясы Мемлекет басшысының премьер-министр Асқар Маминді қайтадан үкімет басшысы етіп тағайындау туралы ұсынысын қолдамайтынын айтты.
«...Пандемия және шикізат бағасының құлдырауы халық табысының төмендеуіне әкелді. Азаматтар табысының 50%-дан астамын тек азық-түлікке жұмсады, себебі Қазақстанда азық-түліктің бағасы ЕАЭО-да ең қымбат болып отыр. Ал Үкімет тек статистика түзумен отыр.
Президент мырза, бүгін Қазақстанның халық партиясының фракциясы, өкінішке орай, Сіздің Асқар Ұзақбайұлы Маминді премьер-министр етіп тағайындау, оның министрлер кабинетінің мүшелерін қызметінде сақтау туралы ұсынысыңызды қолдай алмайды және дауыс беру кезінде қалыс қалады», – деді Айқын Қоңыров.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХП мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, «Қалыс қалу - бұл Президент ұсынысына қолдау жоғын білдірмейді» деп атап өтті.
«Бәріміз күткендей, "Ақ жол" партиясы мен Қазақстанның Халық партиясын екі фракция қалыс қалды. Қалыс қалу - бұл Мемлекет басшысының ұсынысына қайшы келмейтін ұстаным. Яғни, бас тарту премьер-министрдің кандидатурасына қарсы емес. Бұл тек қалыс қалу ғана, осылай ұғуымыз керек», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Мәжілістегі депутаттық мандат: «Nur Otan» партиясы – 76 мандат, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 12 мандат, Қазақстан Халық партиясы - 10 мандат. Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы атынан Мәжіліске сайланған тоғыз депутат бар.