Жеті жыл бұрын таратылған Балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды

Комитет 2014 жылы таратылған еді

Жеті жыл бұрын таратылған Балық шаруашылығы комитеті қайта құрылды
көрнекі фото

Үкімет қаулысымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жанынан Балық шаруашылығы комитеті құрылды.

Саланың жеке ведомствоға біріктірілуі жақында қабылданған балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға, балық өсіру, тұтыну және экспорт көлемін жоспарға сай арттыруға мүмкіндік береді.

Еске салайық, елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігі құрамында болған Балық шаруашылығы комитеті 2014 жылы таратылған. Одан бері балық ресурстарын қорғау, тиімді пайдалану және көбейту саласындағы мемлекеттік саясатты Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті жүргізіп келеді. Салаға қатысты міндеттердің комитет пен жергілікті атқарушы органдардың және балық шаруашылығындағы өзін өзі басқару субъектілерінің арасында бөлінуі орталықтандырылған түрде тиімді жұмыс істеуге кедергі келтіреді.

Ал жұмысты жүйелі түрде жүргізу арқылы мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей су ресурстарындағы балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға жеткізуге болады. Балық экспортын 300 мың тоннаға дейін арттыру жоспары да бар. Ол үшін 545 жаңа балық шаруашылығы құрылып, 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығады.

Қазір жаңа комитеттің алдында мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуына жол ашатын саланы мемлекеттік қолдау аясын кеңейту, заңнаманы жетілдіру, балық жемі өндірісін жолға қою, кадрлық қамтамасыз ету жұмыстарын атқару міндеті тұр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.